Қазақстан тоғызқұмалақ пен манғаладан Көшпенділер ойындарында алты алтын медаль жеңіп алды

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық спортшылар зияткерлік спорттың екі түрінен 11 медаль жеңіп алды, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.

Қазақстан тоғызқұмалақ пен манғаладан Көшпенділер ойындарында алты алтын медаль жеңіп алды
Фото: Instagram/ulttyqatsport.kz

Зияткерлік спорт түрлерінен жарыстар турнир апталығы бойы дерлік жалғасты. Ресми бағдарламаға сәйкес, тоғызқұмалақ бойынша ойындар 1 қыркүйекте басталды. Ал манғала мен овари жарыстарына қатысушылар бәсекені бір күннен кейін бастады. Үш спорт түрінен де шешуші кезеңдер 6 қыркүйекте өтті.

Жалпы жүлделер үшін 53 елден 332 спортшы бақ сынады. Қазақстан құрамасы ең жоғары нәтижені тоғызқұмалақтан көрсетті. Ұлттық құрама төрт алтын және екі күміс медаль жеңіп алды.

Ал манғала спортынан қазақстандықтар қоржынына тағы бес жүлде түсті. Ұлттық құрама өкілдері екі рет жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтеріліп, екі рет күміс және бір қола медаль иеленді.

Бұған дейін Қазақстанның көк бөрі құрамасы Көшпенділер ойындарында күміс медаль жеңіп алған болатын.

Қазақстан Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының бесінші күнінде үш медаль еншіледі.

Айта кетелік «Гүлдер» ансамблі Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының «Этно-би» байқауында Гран-при иеленді