«Гүлдер» ансамблі Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының «Этно-би» байқауында Гран-при иеленді

АСТАНА. KAZINFORM — Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымының «Гүлдер» мемлекеттік ансамблі Қырғызстанда өткен VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының Nomad Fest фестивалі аясындағы халықаралық «Этно-би» байқауында Гран-при иеленді.

«Гүлдер» ансамблі Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының «Этно-би» байқауында Гран-при иеленді
Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Өнер додасына Моңғолия, Түркия, Болгария, Тыва Республикасы, Саха Республикасы (Якутия), Үндістан, Пәкістан, Қырғызстан және басқа да елдерден келген кәсіби ұжымдар қатысты.

«Гүлдер» TURAN ансамблінің музыкасына қойылған «Ер Тұран» және STEPPE SONSE тобының музыкасына жазылған «Қорқыт» атты екі хореографиялық қойылымды көпшілікке ұсынды. Қазылар алқасы ансамбльдің орындау шеберлігімен қатар, балетмейстерлердің кәсіби дайындығын да бағалады. Байқау қорытындысында шығармашылық еңбектің нәтижесі ретінде Анвара Садықова мен «Гүлдер» ансамблі Гран-при иеленді.

Халықаралық байқау бағдарламасына Анвара Садықова, Алмат Шәмшиев, Ернұр Қарықбол және Дана Мұсаның хореографиялық қойылымдары енді. Сонымен қатар фестиваль барысында ансамбль кеңейтілген хореографиялық бағдарламамен өнер көрсетіп, гала-концертте Морис Равельдің музыкасына қойылған «Замана жаңғырығы» этно-балетін орындады.