Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Қазақстан трансплантация инфрақұрылымын кеңейтіп жатыр

АСТАНА.KAZINFORM - Қазақстан трансплантация саласын дамытуда шетелдің озық тәжірибесіне сүйеніп отыр. Соңғы жылдары жүздеген дәрігер халықаралық орталықтарда білімін жетілдірді, сондай-ақ елімізде трансплантацияны үйлестіру жүйесі де жаңғыртылып жатыр.

Қызылорда облысында алғаш рет бауырға трансплантация жасалды
Фото: Қызылорда Көпбейінді облыстық ауруханасы

Бұл туралы ОКҚ өткен баспасөз мәжілісінде Трансплантацияны және жоғары технологиялық медициналық қызметтерді үйлестіру жөніндегі республикалық орталықтың директоры Айдар Ситказинов айтты.

Оның сөзінше, соңғы жылдары еліміздегі трансплантация қызметі жекелеген жоғары технологиялық операциялар жасаумен ғана шектелмей, ағза донорлығын үйлестірудің тұтас ұлттық жүйесін қалыптастыру деңгейіне дейін дамыды. Қазір Қазақстанда 11 трансплантация орталығы жұмыс істейді және трансплантацияны үйлестірудің үш деңгейлі жүйесі жолға қойылған.

– Соңғы екі жылда еліміздегі трансплантация орталықтарының саны 7-ден 11-ге дейін артты. Сонымен қатар халықаралық озық тәжірибеге негізделген донорлық ағзаларды алу және трансплантациялау үдерісін үйлестіретін ұлттық жүйе қалыптастырылды. Бүгінде бұл жүйеге 11 трансплантация орталығы, 40-тан астам донорлық ұйым, 5 HLA-зертханасы, санитариялық авиация қызметі, 3 республикалық үйлестіруші, 20 өңірлік үйлестіруші және 30 стационарлық трансплант-үйлестіруші кіреді, - деді ол.

Айдар Ситказиновтың сөзінше, дәл осындай тиімді үйлестіру жүйесі әлемде трансплантация саласының табысты дамуының негізгі алғышарттарының бірі саналады.

– Халықаралық ынтымақтастық дамып келеді, заманауи технологиялар енгізіліп жатыр, трансплантация операцияларының саны тұрақты түрде артып келеді. Соңғы жылдары жүздеген дәрігер Беларусь, Түркия, Германия және басқа да елдердің жетекші клиникаларында тағылымдамадан өтіп, халықаралық стандарттарды меңгерді. Сонымен қатар елімізде трансплантациялық үйлестіру жүйесі күшейтіліп, өңірлік және республикалық үйлестірушілердің жұмысы жетілдірілу үстінде, – деді ол.

Еске салайық, елімізде донорлық ағзаға мұқтаж 4739 адам трансплантация кезегінде тұр. Олардың 125-і — балалар.