Қазақстан Түркі мемлекеттеріне жастарды жат идеологиядан қорғау шараларын күшейтуді ұсынды

АСТАНА. KAZINFORM – Әзербайжанда өтіп жатқан Түркі әлемі апталығы аясында Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің дін мәселелеріне жауапты мемлекеттік органдары басшыларының алғашқы отырысы өтті, деп хабарлайды ҚР мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі.

Түркі мемлекеттері
Фото: ҚР Мәдениет және спорт министрлігі

Жиынға ТМҰ Бас хатшысы Кубанычбек Өмірәлиев, сондай-ақ Қазақстан, Әзербайжан, Түркия, Қырғызстан және Өзбекстанның өкілдері қатысты.

Отырыс барысында Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат вице-министрі Рустам Әли Қазақстан үшін ТМҰ аясындағы ынтымақтастықтың тәжірибе алмасуға, конфессияаралық келісімді нығайтуға және бүгінгі заманның мәселелерін бірлесіп шешуге мүмкіндік беретін маңызды алаң екенін атап өтті.

Кездесуде жастарды жат идеологияның ықпалынан сақтандыру мәселесі көтерілді. Қазақстан ТМҰ-ға мүше мемлекеттерге интернет кеңістігіндегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету және алдын алу бағытындағы ортақ жұмысты күшейтуді ұсынды. Жиын соңында қатысушылар Түркі мемлекеттері ұйымы аясындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға ниетті екенін білдірді.

Осыған дейін Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин ішкі саясатта кемел адам қалыптастыратын идеология болуы тиістігі туралы айтқанын жаздық.