Ішкі саясатта кемел адам қалыптастыратын идеология болуы тиіс – Еділ Жаңбыршин

АСТАНА. KAZINFORM — Ішкі саясат тұжырымдамасы рухани мықты, ғылым-біліммен қаруланған, жүрегінде адамгершілік мейірім мен әділеттік принциптері бар адамды қалыптастыруы тиіс. Мұндай пікірді BIZDIÑ ORTA подкасында Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин білдірді.

Ішкі саясатта кемел адам қалыптастыратын идеология болуы тиіс – Еділ Жаңбыршин
Фото: Мәжіліс

— Кеңес одағы ыдырағаннан кейін бұрынғы коммунистік идеология құрдымға кетті деп есептейік. Содан кейін бізде идеологиялық вакуум пайда болды. Мемлекет идеология жағынан өзінің нақты тұжырымдамасын немесе стратегиясын жасақтай алмады. Кеңістік бос тұрмайды. Сондықтан жан-жақтан көптеген әртүрлі идеологиялық ағым кірді. 90 жылдардың басында «Харе Кришна» деп қазақ балаларының көшеде жүргенін білеміз. Иегова, уахабизм бос тұрған кеңістікке енді. Мемлекеттің оларға тосқауыл қоятын немесе ішкі идеологиясын жүргізетін мүмкіндігі болмады. Міне, осы мәселені көптен бері айтып келе жатырмыз. Құрылтайда да бұл мәселе көтерілді. Шешім қабылдайтын азаматтармен жеке кездескенде де айтылып жүр. Парламент төрінде бірнеше рет айтылды. Бурабайдағы құрылтайда Президент бірінші рет ішкі саясаттағы шаруаның бәрін жүйелейтін біртұтас тұжырымдамалық құжат әзірлеу бастамасын көтерді, — деді депутат.

Оның атап өтуінше, құжаттың тұжырымдама әлде доктрина не стратегия болатындығын жан-жақты пысықтау қажет.

— Меніңше, стратегия немесе докторина болуы керек сияқты. Өйткені, ол ұзақ жылдарға жалғасатын дүние болуы тиіс. Жалпы, мемлекеттің ішкі идеологияда бір ұстанымы болуы қажет. Менің түсінігімде сонау төл тарихымыз, терең тарихымызбен байланыстыру керек. Онда дәстүр, рухани мәселелер, қазақ ұлтына тән ұстанымдар мен қағидалар болуы тиіс. Біз кеше пайда болған мемлекет емеспіз. Тарихымыз өте терең. Соны іргетас қылып, құжатқа енгізуіміз қажет. Себебі ол адамның қанында, генінде бар. Егер біз оған жол таба алмайтын болсақ, онда жазылған құжат бос дүние болып қалады, — деді Еділ Жаңбыршин.

Мәжіліс депутаты Президенттің «адал азамат», «еститін мемлекет», «Таза Қазақстан», «мықты Президент, ықпалды Парламент, есеп беретін Үкімет» сияқты көптеген ұстанымы да осы құжатта орын табуы керектігіне назар аудартады.

— Тоқетері бұл саяси идеологияның негізгі мақсаты не? Ең басты мақсаты кемел адамды, мықты адамды қалыптастыратын идеология болуы тиіс. Ол адам рухани мықты, ғылым-біліммен қаруланған, жүрегінде адамгершілік мейірім мен әділеттік принциптері бар тұлға болуы қажет, — деді ол.

Еске салсақ Ұлттық құрылтайдың IV отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық болмысымыздың маңызды көрінісі ұлттық киімді жан-жақты дәріптеу керек екенін айтқан еді

Соңғы жаңалықтар