Қазақстан Үкіметі бизнес-қауымдастық тарапынан көтерілген кез келген іскерлік бастаманы қарауға әзір - Премьер

Бүгін Астанадағы VI Экономикалық форум аясында өтіп жатқан «Астана Инвест-2013» ІV Халықаралық инвестициялық форумы барысында ҚР Премьер-Министрі Серік Ахметов осылай мәлім етті.
Үкімет басшысының айтуынша, Қазақстан өңірдегі аса инвестициялық тартымды мемлекет ретінде сипатталады.
«Өткен жылдар ішінде елімізге 170 млрд. доллардан астам тікелей инвестициялар тартылды. Қазақстан тартылған инвестициясының көлемі жағынан көптеген елдерді басып озып, өңірде бірінші орынға шығып отыр», - деді С. Ахметов.
Бұл ретте Премьер-Министр нақты бизнес-бастамаларды қолдау, іскерлік климатты онан сайын жақсарту, мемлекеттік-жеке меншік секторды дамыту атқарушы билік қызметінің басым бағыттары болып табылатынын айтты.
«Біз ашықпыз, бизнес-қауымдастық тарапынан көтерілген кез келген іскерлік бастаманы қарауға әзірміз», - деді Серік Ахметов.