Қазақстан Үкіметі РФ-дағы уран байыту бойынша жұмыс істеп тұрған бір кәсіпорынның акция пакетін сатып ауға мүдделі

АСТАНА. Қыркүйектің 7-сі. ҚазАқпарат - Қазақстанның Үкіметі РФ-дағы уран байыту бойынша жұмыс істеп тұрған бір кәсіпорынның акция пакетін сатып алуға мүдделі. Бұл туралы бүгін Иркутск қаласында өтіп жатқан VI Байкал экономикалық форумында журналистерге Қазақстанның Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов мәлім етті, деп хабарлайды РБК агенттігі.

Қазақстан Үкіметі РФ-дағы уран байыту бойынша жұмыс істеп тұрған бір кәсіпорынның акция пакетін сатып ауға мүдделі

Оның айтуынша, еліміздің өкілдері «Росатом» атом энергиясы жөніндегі мемлекеттік корпорациясының бас директоры Сергей Кириенкомен келіссөздер өткізеді.

«Мен уран байыту бойынша жұмыс істеп тұрған ресейлік кәсіпорындардың бірінің акция пакеттерін сатып алуға деген Қазақстан Үкіметінің ниетін тағы бір мәрте нақтылап отырмын. Біз кәсіпорынды анықтап қойғанымызбен, мен әзірге акция сатып алатын кәсіпорынның атын нақты айта алмаймын, сатып алу жөніндегі келіссөздер аяқталуға жақын. Арамызда келісім жасалған соң біз бірден ақпарат бере аламыз», - деді К.Мәсімов.

Бұдан бөлек Қазақстанның Премьер-Министрі Қытайға энергия ресурстарын экспорттауға қатысты мәселе бойынша Ресеймен қарым-қатынас орнатудағы пікірін жеткізді. «Ресей Федерациясы - үлкен мемлекет, ол энергия ресурстарын экспорттау бойынша Қытайдың шығыс бөлігіне бағытталады, ал Қазақстан батыс бөлігіне. Бұл әртүрлі нарықтар, сондықтан, біздің елдер арасындағы аса бір бәсекелестікті байқап тұрған жоқпын. Онымен қоса, біз ресейлік тарапппен өз саясатымызды үйлестіреміз. Және де біздің елдер арасында бәсекелестік емес, жемісті ынтымақтастық орнаған», - деді ҚР Үкімет басшысы.