Қазақстан Үкіметінің сыртқы қарызы 1,6 млрд. долларды құрайды ? Б. Жәмішев
АСТАНА. Сәуірдің 8-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ -Қазақстан Үкіметінің сыртқы қарызы 1,6 млрд. долларды құрайды. Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында «2000-2008 жылдар аралығындағы кезеңде ҚР Парламенті ратификациялаған халықаралық қаржы институттарымен шарттар бойынша ҚР Үкіметінің тартқан қарыз қаражаттарын нысаналы әрі тиімді пайдалану туралы»
мәселе бойынша ақпарат берген Қаржы министрі Болат Жәмішев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бюджеттік кодекске сәйкес, Үкіметтің сыртқы қарыздары негізінен республикалық бюджет тапшылығына қатысты тартылады. Халықаралық қаржы ұйымдарынан алынатын, шетел Үкіметтерінің қаржы ұйымдарынан сұралатын қарыздар халықаралық келісім мәртебесі арқылы жүзеге асып, бұның әрбір жағдайы Парламентпен ратификацияланады. Осыған орай, Қазақстанда тәуелсіздік жылдарынан бері қарай үкіметтік сыртқы қарыздар туралы келісімдерге қол қойылып, жалпы сомасы 4,5 млрд. доллар қарыз алынды. 2009 жылғы қаңтардың 1-індегі жағдай бойынша сыртқы қарыздың 3,7 млрд. доллары игерілсе, негізгі қарыздың 2,1 млрд. доллары өтеліп болды. Сондықтан да, бүгінгі Үкіметтің сыртқы қарызының қалдығы 1,6 млрд. доллар шамасында болып табылады», деді министр Болат Жәмішев. Оның айтуынша, 2000 жылдан 2008 жылға дейін Үкіметтік сыртқы қарыз аясында жалпы алғанда қарыз алу туралы 46 келісім жасалып, 44 инвестициялық жоба жүзеге асырыла бастады. Бұның ішінде 18 жоба Халықаралық қайта құру және даму банкі есебінен, 6 жоба Азия даму банкі есебінен, 5 жоба Жапон халықаралық ынтымақтастық банкінен, 4 жоба Ислам даму банкі есебінен және 3 жоба Еуропа қайта құру және даму банкі есебінен, 1 жоба Араб экономикалық дамуының Куәйт қоры тарапынан, тағы 1 жоба Сауд Арабиясы даму қоры мен Абу-Даби даму қоры тарапынан қаржыландырылған. Осы күні аталған 44 жобаның 36-сы аяқталған.
«44 жобаның келісім бойынша көрсетілген сомасы 2,24 млрд. долларды құрайды. Ал осы кезеңдегі Үкіметтік сыртқы қарыздың игерілуі 1,27 млрд. долларға жетті. Тоқтала кететін жайт, сыртқы қарыздарды тарту мен оны игерудің ауқымдылығы 2000 жылға дейін орын алды. Мәселен, 90-шы жылдардың соңына таман сыртқы қарыз бойынша 2,5 млрд. доллар игерілді. Егер, 1999 жылдары сыртқы қарыз негізінен бюджеттің ағымдағы тапшылығын жабуға бағытталса, 2000 жылдан бастап экономиканың басым секторындағы инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға жұмсалды. Оның ішінде, ауыл шаруашылығы, білім, денсаулық сақтау, көлік, сумен жабдықтауды қамтамасыз ету, шағын және орта бизнесті дамыту, экология салалары қамтылды», деді Б. Жәмішев.