Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Қазақстан Украинадан 14 вагон сатып алды

АСТАНА. 27 сәуір. ҚазАқпарат - «Жолаушылар тасымалы» компаниясы Украинаның Крюков вагон құрастыру зауытынан 14 плацкарттық вагон сатып алды, деп хабарлайды «Жолаушылар тасымалы» АҚ Баспасөз қызметі.

Қазақстан Украинадан 14 вагон сатып алды

Аталған вагондар «Астана-Алматы» бағытында жүретін пойыздың құрамын жаңарту үшін алынған. Вагондар жайлылық  жағдайының барлық талаптарына сай, қазіргі қолданыстағы плацкарт типті вагондардан заманауи интерьерімен, суға арналған диспенсерімен,  тоңазытқышымен, ауажелдеткіш жүйесімен және радиохабар тарату, жолаушыларға арналған ақпараттық табло, биодәретханаларымен ерекшеленеді.  

Сонымен қатар, келісімшарт бойынша ағымдағы жылдың  мамыр-маусым айларында қосымша 28 вагон жеткізіледі деп күтілуде.  Аталған вагондарды «Жолаушылар тасымалы» АҚ «Астана-Алматы» бағытында қатынайтын №9/10-пойыздың вагондарын ауыстырып, толығымен жаңартпақ.  

Бұның алдында 2011 жылы «Крюков вагон құрастыру зауыты» шығарған 12 купелік вагон, сондай-ақ «Тверь вагонқұрастыру зауыты» (Ресей) шығарған 22 вагон сатып алынған болатын.

«Жолаушылар тасымалы» АҚ жылжымалы құрамның техникалық ресурсын жоғарылатып және оны жаңарту бойынша ауқымды жұмыстар жүргізуде. Мұндағы мақсат - жаз айларында болатын жолаушылардың Ұлттық тасымалдаушыға деген сұранысын қанағаттандыру.

Ал 2014 жылға дейін «Жолаушылар тасымалы» компаниясы «Тұлпар-Тальго» қазақстан-испан кәсіпорны бірігіп шығаратын 420 вагонды сатып алмақ. 2012 жылы 140 вагоннан тұратын бірінші партия жеткізіледі.