Қазақстан үшін Кеден одағы инфрақұрылымдарға тең дәрежеде қолжетімділікті қамту жағынан маңызды
Бүгін Индустрия және сауда министрлігінің ұйымдастыруымен елордада өтіп жатқан «Кеден одағын қалыптастыру үдерісі» атты семинар барысында Cауда саясаты департаменті директорының орынбасары Ботагөз Кәкенова осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қазақстан үшін Кеден одағы бірегей экономикалық кеңістік инфрақұрылымдарына тең дәрежеде қолжетімділікті қамту жағынан маңызды болып табылады. Оның маңызды болуы себебін, Қазақстан тікелей теңіз саудасына, теңіз порттарына шыға алмайтын мемлекет ретінде түсіндіруге болады. Осы бағытта Кеден одағы аясында ауқымды дайындық шаралары жүргізілуде. Атап айтқанда, теңіз саудасына шығуға қатысты бірегей экономикалық кеңістіктің құқықтық базасы болып табылатын халықаралық келісім шарттар жобасы әзірленуде», деді Б. Кәкенова.
Оның айтуынша, Кеден одағының тұрақты қызмет органы оның Комиссиясы болып табылады. Комиссия Кеден одағының келісімі шеңберінде қызмет етеді. Келісімге сәйкес, Комиссия құрамына әр мемлекеттен Үкімет басшысының орынбасары деңгейіндегі бір-бір өкілден кіреді. «Комиссия шешімі дауыс берудің басымдығына қарай қабылданады. Бұл ретте дауыс беру Қазақстан мен Беларус үшін - 21,5 пайыз дауыс, ал Ресей 57 пайыз дауысқа ие», деді Б. Кәкенова.