Қазақстан үшін түркі тілдес және ислам мемлекеттерімен ынтымақтастықты дамыту маңызды бағыт - Н. Назарбаев
АСТАНА. 18 қаңтар. ҚазАқпарат - Қазақстан үшін түркі тілдес мемлекеттермен, ислам мемлекеттерімен ынтымақтастықты дамыту маңызды бағыт.
Бүгін Ақордада Қазақстанда тіркелген дипломатиялық миссия басшыларымен кездесуі барысында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев осылай мәлім етті.
Бұл ретте Елбасы түркі тілдес мемлекеттермен қарым-қатынас қазірдің өзінде қалыптасқан халықаралық бірлестіктер аясында жалғасатынын атап өтті. Бұлар Түркі мемлекеттерінің ынтымақтастық кеңесі, ТҮРКСОЙ, ТүркПА және Астанада құрылған Түркі академиясы болып табылады.
«Біз өңірде қақтығыстар тудыруы мүмкін кез келген алғышарттарға қарсы тұрамыз. Интеграцияны дамытып, барлық әріптестерімізбен арадағы прагматикалық, экономикалық ынтымақтастықты орнатуды жалғастыра беретін боламыз. Қазақстан бүткіл орталық Еуразияда тұрақтылықтың, қауіпсіздіктің тірегі болып қала береді. Халықтар арасындағы бейбітшілік пен ынтымақтастықты нығайтудағы лайықты әрі сенімді әріптес болады», - дей келе Н. Назарбаев бұндай қазақстандық бастамаларды халықаралық қауымдастықтың кең қолдауына үміттенетінін жеткізді.