Қазақстан ұсынған «Болашақтың энергиясы» тақырыбы барша адамзатты алға жылжыту үшін анағұрлым маңыздылардың бірі - Т.Блэр

АСТАНА. 7 желтоқсан. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың атына Астанада ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесін өткізу туралы шешім қабылданғанына байланысты құттықтау жеделхаттары мен хаттар көптеп келіп түсті.
None
None

Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметінен мәлім етті.

Құттықтаулар шетелдік азаматтардан, мемлекет және қоғам қайраткерлерінен де келіп түсті. Атап айтқанда, «Альстом» компаниясының президенті П.Крон, Eurocopter компаниясының президенті және басқарма төрағасы Л.Бертлинг, «АРЕВА» тау-кен тобының аға атқарушы вице-президенті О.Вонс және «La Meurice» қонақ үйінің бас менеджері Ф.Холтман Франциядан жолдаған құттықтауларда көрмені өткізу құқын жеңіп алуы Қазақстанның көптарапты халықаралық ынтымақтастық қағидаттарын ұстануының дәлелі болып саналатыны атап өтілген.        

Өзі жолдаған құттықтауда Ұлыбританияның бұрынғы премьер-министрі Т.Блэр Астанада ЭКСПО-2017 көрмесін өткізу баламалы энергия саласындағы әлемдік жетістіктерді көрсетудің тамаша мүмкіндігі, ал  Қазақстан ұсынған «Болашақтың энергиясы» тақырыбы барша адамзаттың алға жылжуы үшін айтарлықтай маңызды тақырыптың бірі екенін атап өткен.

Еліміздің Президентінің атына келіп түскен құттықтаулардың басым бөлігі жалпыұлттық «Егемен Қазақстан» және «Казахстанская правда» газеттерінде жарияланды. Елбасы атына келіп түскен барлық құттықтаулар Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Мұражайына мұрағат ретінде сақтау үшін берілетін болады.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев келіп түскен барлық хаттарды және жеделхаттарды оқып шығып, барлық авторларға құттықтаулары мен ізгі ниетті тілектері үшін зор ризашылығын білдіреді және баршасына табыстар мен амандық-саулық тілейді.           

Соңғы жаңалықтар