Қазақстан Венеция комиссиясына толық құқылы мүшелікке өтуге өтініш берді

ТАНА. 11 қазан. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Қазақстан Венеция комиссиясына толық құқылы мүшелікке өтуге өтініш берді. Аталған өтінішті бүгін ҚР Сыртқы істер министрі Ержан Қазыханов Еуропалық кеңестің Бас хатшысы Турбьер Ягландпен кездесу барысында табыс етті.

Қазақстан Венеция комиссиясына толық құқылы мүшелікке өтуге өтініш берді

Еліміздің демократия принциптері мен стандарттарына, адам құқығы мен заң әділдігіне негізделген тиімді басқаруға қатысты бірқатар құқықтық құжаттар және жекелеген келісімдерге қатысу арқылы Еуропа кеңесімен байланысты тереңдетуге мүдделілік танытуына орай кездесу барысында Е. Қазыханов Т. Ягландқа Қазақстанның Венеция конвенциясына толық құқылы мүшелігіне алынуына өтінішті табыс етті.

Айта кетейік, Венеция комиссиясы 1990 жылы Еуропа кеңесіне мүше 18 мемлекеттің жекелеген келісімдері ретінде құрылған. 2002 жылдың ақпанында комиссия кеңейтілген келісімге айналып, оған Еуропадан тыс мемлекеттердің де кіруіне мүмкіндік берілді. Ұйымның жарғысына сәйкес Венеция комиссиясы Еуропа кеңесіне мүше мемлекеттермен, сондай-ақ оған мүше болып табылмайтын мемлекеттермен, мүдделі халықаралық ұйымдармен және құрылымдармен ынтымақтасатын тәуелсіз консультативтік орган болып табылады.

Қазіргі уақытта оның құрамында 57 мүше ел бар.