Қазақстан жаһандық әрі өңірлік қауіпсіздікті күшейту жолында өзінің кезекті қомақты үлесін қосты - Апталық шолу

«Қымбатты отандастар, қадірлі конференцияға қатысушылар, біздің еліміздің қонақтары! Баршаларыңызға Қазақстанға қош келдіңіздер деймін. Бүгін Қазақстан үшін - өте ұлы күн. Сондықтан баршаңызды мемлекетіміздің берік іргетасы Конституциямыздың 20 жылдық мерекесімен шын жүрегіммен құттықтаймын. 30 тамыз Қазақстан халқы біртұтас таңдау жасаған ұлы бетбұрыс күні болып есептеледі. Біз осыдан 20 жыл бұрын бүкілхалықтық референдумда Ата заңымызды қабылдадық. Ескі мен жаңа тоқайласқан алмағайып кезеңде халқымыз барша әлемге бірлігі мен даналығын көрсетті», - деді Елбасы өз сөзінде. Мемлекет басшысы осыдан 20 жыл бұрын Жаңа Қазақстанның, жаңа заманның талаптарына сай келетін Конституцияның мәтінін бекіткенімізді атап өтті.
«Біз ортақ тағдыр біріктірген Қазақстан халқы деп басталатын Ата заңымыздың бойына еліміздің ең басты құндылықтарын түгел сыйғыза білдік. Мен Конституцияның бір жылдығына арналған салтанатты жиында «Біз заң аясында өмір сүруге үйренуіміз керек» деп айтқанмын. Ата заңымызбен жүріп өткен 20 жылға көз сала отырып, бүгін біз заң аясында өмір сүретін елміз деп мақтанышпен айта аламыз», - деді ҚР Президенті.
Н. Назарбаев Негізгі заңда табысты дамудың барлық құқықтық тетіктері қамтылғанын қадап айтты. «Біздің Конституциядағы қағидаларды ұстана отырып, екі онжылдықтың аясында ғана ұлы жолды еңсеріп өттік. Бүгінде Қазақстан қалыптасқан, өркениетті мемлекет. Бұл біздің Ата Заңдағы барша қағидалар мен ұстанымдардың іс жүзінде нақты жүзеге асуының көрінісі. Мемлекеттік және қоғамдық құрылыс жақсыға қарай өзгеруге қауқарлы болса ғана тиімді болады. Біздің Негізгі заңда табысты дамудың барлық құқықтық тетіктері қамтылған»,-деді Президент.
Қазақстан мен Пәкістан қарым-қатынастың жаңа парақтарын ашады
Осы аптада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанға ресми сапармен келген Пәкістан Ислам Республикасының Премьер-министрі Наваз Шарифпен кездесті. Кездесуде сауда-экономикалық, көлік-транзиттік, ғылыми-техникалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы екіжақты ынтымақтастықты нығайту мәселелері талқыланды. Сонымен қатар халықаралық күн тәртібіндегі өзекті жайттар сөз болды.
Қазақстан Президенті Пәкістанның жүйелі дамуындағы Н.Шарифтің атқарған рөлін атап көрсетті. Н.Шариф Нұрсұлтан Назарбаевқа шақыртуы үшін алғыс айтып, екі халықтың байланыстарының сан ғасырлық тарихы бар екенін атап өтті.
«Құрметті Премьер-Министр мырза, Сізге және сіз арқылы пәкістандық делегацияға Қазақстанға қош келдіңіздер дейміз. Сіздің сапарыңыз біздердің сонау 1992 жылы кездесуімізде негізі қаланған қарым- қатынастарымыздың жандануына тың серпін береріне сенімдімін», - деді Н.Назарбаев.
Елбасы өз сөзінде Пәкістан Үкіметі басшысымен арадағы сол кездесу әлі есінде екендігін және қазақстандықтардың өз тәуелсіздігін Пәкістанның әлем елдерінің алдыңғы қатарында мойындап, қолдау білдіргенін естен шығармайтындығын атап өтті. Сонымен қатар Мемлекет басшысы Қазақстан мен Пәкістанның халықаралық күн тәртібіндегі ұстанымдары ұқсас екендігін, ғасырларға созылған достық, мәдени байланыстар екі мемлекетті бауырлас елге айналдыра түсетіндігін баса айтты. «Қазіргі шынайы жағдайда біздің қарым-қатынастардың жаңа парақтарын ашу сәті келіп тұр. Сіздің бұл сапарыңыз қарым-қатынастың дәл осы бағытта дамуына септігін тигізеріне сенімдімін», - деді Елбасы.
Қазақстан Президенті Н. Назарбаев пен Пәкістан Премьер-министрі Н. Шариф келіссөздердің қорытындысы бойынша бірлескен баспасөз брифингін өткізді.
«Қазақстанның «Нұрлы жол» бағдарламасы мен Қытайдың «Жібек жолының экономикалық белдеуі» және Қарақорым жолы мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықты жандандыруға септігін тигізеді деп санаймын. Сонымен бірге Қазақстан-Түрікменстан-Иран теміржолы Пәкістанның теңіз порттарына шығуға жол ашады. Осы көлік байланыстары бізге сауда және экономикалық қарым-қатынастарды жақсартуға мүмкіндік береді», - деді Қазақстан Президенті.
Н. Назарбаев өнеркәсіпке, фармацевтикаға, энергетикаға, әскери-техникалық салаға, ғылымға және басқа да маңызды бағыттарға қатысты Қазақстан мен Пәкістанның нақты қадамдары туралы уағдаластыққа қол жеткізілгенін айтты. Қазақстан Президенті ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, химия және жеңіл өнеркәсіп, банк секторы сияқты салаларда ынтымақтастықты жолға қою мақсатында Іскерлік кеңес құрылғанына да тоқталып өтті.
Қазақстан мен Сербия халықаралық автомобиль қатынасы туралы келісімге келді
Осы аптада сонымен қатар Ақордада елімізге тұңғыш ресми сапармен келген Сербия Президенті Томислав Николич пен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев шағын және кеңейтілген құрамдағы келіссөздер өткізді. Бірлескен мәлімдемеде Сербия тарапы жақсы қарым-қатынасты әсіресе экономикалық тұрғыда дамыта түсуді қолдайтынын атап өтті.
«Сербия жақсы қарым-қатынасты әсіресе экономикалық тұрғыда дамыта түсуді қолдайды. Қазақстан тарапының Белградта ресми түрде елшілік ашқанына қуаныштымыз, - деді Т. Николич.
«Біз сонымен қатар сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның отырысын тезірек өткізу жайын сөйлестік. Сербия үшін Еуразиялық одаққа Fiat көліктерін экспортқа шығару өте маңызды. Энергетика, құрылыс, ауыл шаруашылығы салаларындағы ынтымақтастығымызды дамыту маңызды болып отыр», - деді мәртебелі мейман.
Атап айтқанда, Ақордада Қазақстан мен Сербия халықаралық автомобиль қатынасы туралы келісімге келді. Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Сербия Үкіметі арасындағы Халықаралық автомобиль қатынасы туралы келісімге ҚР Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешев пен Сербия Экономика министрі Желько Сертич қол қойды. Ал ҚР Үкіметі мен Сербия Үкіметі арасындағы табыс пен капиталға салынатын салықтарға қатысты қосарланған салық салуды болдырмау және салық салудан жалтаруға жол бермеу туралы конвенцияны еліміздің Сербиядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Нұрбах Рүстемов пен Сербия Экономика министрі Желько Сертич рәсімдеді.
Елбасының сөзіне қарағанда, Сербиямен ауыл шаруашылығы, фармацевтика, денсаулық сақтау, құрылыс, өңдеу өнеркәсібі салаларындағы қарым-қатынасты жандандыруға болады. «Сербия Президенті Томислав Николич мырза менің шақыруыммен ресми сапармен Қазақстанға тұңғыш рет келіп отыр. Біз еліміздің атынан сәтті сапар тілейміз», - деді Елбасы.
Мемлекет басшысы Сербия Президентінің бұл сапары екі елдің арасындағы экономикалық, саяси қарым-қатынастың мұнан ары жандануына әсерін тигізеді деп санайтындығын баса атап өтті. «Сербия мемлекетімен көптен бері Қазақстанның қарым-қатынасы бар. Бірақ, қазіргі жағдайда сауда-саттық төмендеп тұр. Еуропадағы маңызды елдердің біреуі болып саналатын Сербия мемлекетімен біздің қарым-қатынасымызды ауыл шаруашылығы, фармацевтика, денсаулық сақтау, құрылыс, өңдеу өнеркәсібі, көлік-коммуникация салаларында жандандыруға болады», - деді ҚР Президенті.
Елбасы, сонымен қатар, екі елдің арасында жаңадан елшілік құрылып, Астана мен Белград қалаларында орналасқанын еске салды.
ҚР Үкіметі мен МАГАТЭ арасында келісімге қол қойылды
Өтіп бара жатқан бұл аптадағы маңызды оқиғалардың бірі Астанада Қазақстан Үкіметі мен Атом энергетикасы жөніндегі халықаралық агенттіктің (МАГАТЭ) еліміздің аумағында төмен байытылған уран банкін құру туралы келісімді бекітуіне байланысты болды. Атап айқанда, банк ШҚО-дағы Үлбі металлургиялық зауытының аумағында орналасады. Онда атом энергетикасының қажеттілігі үшін пайдаланылатын төмен байытылған уран сақталады. Қол қою рәсіміне Ұлыбритания, АҚШ, Қытай, Франция, Ресей өкілдері, сондай-ақ осы жобаның донор елдері болып табылатын Еуропа одағы, Кувейт, БАӘ өкілдері қатысты.
Қол қою рәсімінен кейінгі сөзінде ҚР Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов Қазақстандағы Төмен байытылған уран банкі жаһандық ядролық қауіпсіздікті нығайтуда ауқымды үлес қосатындығын баса айтты. «Біз жаңа ғана әлемдік ауқымдағы оқиғаға куәгер болдық, себебі банкті құру қауіпсіздіктің бірегей тетігі болғандықтан, ол тарихи маңыздылыққа ие. Банк - МАГАТЭ мүшелігіндегі елдер үшін төмен байытылған уранға кепілдік беретін бірегей тетік. Төмен байытылған уран банкі атом энергетикасының бейбіт түрде дамуына қызмет етеді және жаһандық ядролық қауіпсіздікті нығайтуда айтарлықтай ауқымды үлес қосады», - деді министр.
Осы орайда Е.Ыдырысов бүгін бекітілген тарихи келісімге қол жеткізу үшін жүргізілген келіссөздерге үлкен кемеңгерлік, батылдық, күш-жігер жұмсалғанын қадап айтты.
Бұдан кейін қазақстандық және шетелдік БАҚ өкілдерінің қатысуымен өткен баспасөз мәслихатында МАГАТЭ бас директоры Юкия Амано аталған банкке қатысты айтылып жүрген қауесеттерді жоққа шығарды. Атап айтқанда, ол Қазақстандағы Төмен байытылған уранның банкінде қалдықтарды сақтау ойда да жоқ екенін жеткізді. Онда төмен байытылған уран күйіндегі материалдар ғана болады. Осы уран арнайы контейнерлер мен цилиндрлерде сақталады және бұлар халықаралық стандарттарға сәйкес жасалған. «Сондықтан да бұл контейнерлер өте қауіпсіз және берік материалдардан құрастырылған. Атап айтқанда, лаңкестік шабуылдар немесе табиғи апаттар болған жағдайда барлығына төтеп бере алады», - деді МАГАТЭ бас директоры.
Өз кезегінде ҚР Энергетика министрі Владимир Школьник ШҚО-дағы Үлбі металлургиялық зауытының қауіпсіздігіне күмәнданудың реті жоқ екені атап өтті. «МАГАТЭ-нің Төмен байытылған уран банкінің көлемі 60 тоннаны құрайтын болады. Зауыттың алаңында әр кездері жылына 1,2 мың тоннаға дейін осы материал өңделген болатын. Сондықтан қауіпсіздік тұрғысында барлығы түсінікті», - деді министр.
Сонымен қатар В.Школьник заңнама бойынша Қазақстанға ядролық қалдықтарды кіргізуге тыйым салынғанын еске салып өтті.
Мұнымен қоса, ҚР Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов жаһандық әрі өңірлік қауіпсіздікті күшейту жолымен Қазақстан жеке қауіпсіздігін нығайтатындығын қадап айтты. «Бірінші кезекте Қазақстан жаһандық ядролық қарусыздану мен оны таратпаудың басты жақтастарының бірі. Сондықтан Қазақстанда Төмен байытылған уран банкін құру туралы шешімді қабылдай отырып, біз алдымен жаһандық ядролық қауіпсіздікке нақты ауқымды үлесімізді қосып отырмыз. Яғни, осы арқылы біз жаһандық әрі өңірлік қауіпсіздікті күшейту жолымен өзіміздің жеке қауіпсіздігімізді нығайтудамыз. Бұл тұрғыда нақты үлесімізді қосудамыз және басымдыққа ие боламыз», - деді министр.
Сонымен қатар Е.Ыдырысов бұл тұрғыда Төмен байытылған уранның банкі толықтай МАГАТЭ (Атом энергетикасы жөніндегі халықаралық агенттік) қамқорлығында болатынын айта келе: «Осы тұрғыда біз бұл маңызды халықаралық ұйыммен ынтымақтастығымызды нығайта түсеміз. МАГАТЭ-мен ынтымақтастық салалары өте кең. Біз Қазақстанда ядролық атом энергетикасын дамытуға ниеттіміз», - деді.
Осы орайда ҚР СІМ басшысы ядролық энергияны бейбіт мақсаттарда пайдалану үшін аталған ұйыммен ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын ашуға мүмкіндік бар екенін атап өтті.
«Қазақ әдебиетi» пәнi мен «Қазақстан тарихы» пәндерi бүкiл мектептерде қазақ тiлiнде оқытылмақ
Бұл аптада Республикалық бiлiм жүйесi қызметкерлерiнiң дәстүрлі тамыз кеңесi өтті. Онда баяндама жасаған Бiлiм және ғылым министрi Аслан Сәрiнжiпов бүкiл мектептерде "Қазақ әдебиетi" мен "Қазақстан тарихы" пәндерiн қазақ тiлiнде оқыту керектiгiн айтты.
"Мектептерде үш тiлде оқыту моделі енгізіледі. Жоғары сыныптарда және жоғары оқу орындарында ағылшын тілінде оқытуға кезең-кезеңімен көшу міндеті қойылып отыр. Бұл ретте мемлекеттік тілді жоғары деңгейде меңгеру міндетінің басымдығын ұмытпауымыз қажет. "Қазақ әдебиеті" пәніне қоса, "Қазақстан тарихы", "География" пәндерін бүкіл мектептерде қазақ тілінде оқыту ұсынылып отыр", - дейдi А.Сәрінжіпов.
2013 жылдан бастап елiмiзде ағылшын 1-сыныптың бағдарламасына енгiзiлген, сондықтан, осы жұмысты аясында жоғары сынып сабақтарын ағылшын тiлiнде өткiзу көзделуде.
«Осы жұмыстың аясында сыныптан тыс шаралар мен ағылшын тілінде бірқатар курстар өткізу жоспарланған. Сонымен қатар, жазғы тіл тоқсанын ұйымдастыру көзделген, бұған педагогикалық жоғары оқу орындарының 3-4 курс студенттері тартылады. Сөйтіп, жоғары сыныптарда информатика, физика, химия және биология пәндері ағылшын тілінде оқытылатын болады», - деді министр.
Бұдан бөлек кеңес барысында 2015-2016 оқу жылдарында iлкi жоба ретiнде бiрқатар мектептерде 1-сынып оқушылары үшiн аптасына бес күндiк оқу бағдарламасы енгiзiлетіндігі белгілі болды. Осы орайда тиiстi ұсыныстар мектептерге жiберілген екен.
Өз кезегінде Премьер-Министрдiң орынбасары Бердiбек Сапарбаев Білім министрлігі мен жергілікті билік арасындағы байланыс нашарлап кеткенін сынға алды.
Оның айтуынша, білім саласының сапалы дамуы - жоғары билік пен жергілікті билік арасында тығыз қарым-қатынас орнаса ғана мүмкін болатын нәтиже.
«Қазіргі негізгі мәселе - мемлекеттік органдар, қоғамдық ұйымдардың, ата-аналардың, білім ошақтарының бірігіп жұмыс істеуіне көңіл бөлу. Өкінішке орай, қазір байқайтынымыз - министрлік (Білім министрлігі - агенттік) пен жергілікті билік өкілдерінің арасындағы байланыс нашарлап кеткен. Барлығымыз жақсы түсінеміз, негізгі білім ошақтары, білімді балалар ауылдық жерлерде, елді мекендерде тұрады. Егер осы екі буын бірігіп жұмыс істесе ғана бір нәтижеге жетуге болады»,-деді Премьер-Министрдің орынбасары.
Бұдан бөлек, Б. Сапарбаев Ұлттық бірыңғай тестілеуге байланысты мәселе көп екенін сөз етті. Министрлік тестілеу ойдағыдай өтті, оқушылардың білім деңгейі жақсы деп есеп берді. Бірақ, бәрібір арыз-шағым азайған жоқ.
«Білім басқармалары, мектеп директорлары мен әкімдіктер статистиканың соңына түсіп, ҰБТ-ға барынша көп оқушы қатысса және жоғары балл жинаса болды дейді. Бірақ, бұл дұрыс емес»,-деді Б.Сапарбаев.
Оның пайымынша, ұлттық бірыңғай тестілеудің ашықтығын қамтамасыз ете түсу керек.
«Тағы бір айта кетерлігі, ата-аналардың көбі Ұлттық бірыңғай тестілеудің тәртібін, ондағы сұрақтардың қандай болатынын білмейміз дейді. Яғни, ашықтық жоқ. Сондықтан, Білім министрлігіне әкімдіктермен бірге өткен жылдың қорытындысы бойынша арыз-шағымдардың барлығын қарап, өз ұсыныстарын енгізуді тапсырамын. Мүмкін барлық облыста тиісті жұмыс тобын құру керек шығар. Кейін, сол ұсыныстарды министрлікке тапсырса, біз ол ұсыныстарды қарап, жыл соңына Ұлттық бірыңғай тестілеудің ашықтығын қамтамасыз ететін өзгерістер енгіземіз деп ойлаймын. Келесі жылдың қаңтар-ақпан айларында сол өзгерістер туралы БАҚ-тарға жариялаймыз»,-деді Б.Сапарбаев.