Қазақстан жаһандық бейбітшілік пен қауіпсіздік проблемаларынан сырт қалмайды - И. Адырбеков

БЕЙЖІҢ. 17 ақпан. ҚазАқпарат /Руслан Сүлейменов/ - Соңғы жылдар жаһандық бейбітшілік пен қауіпсіздік проблемаларынан сырт қалмайтын ел ретіндегі Қазақстанның жағымды бейнесін қалыптастыратын бірқатар жаңалықтарға толы болды.

Қазақстан жаһандық бейбітшілік пен қауіпсіздік проблемаларынан сырт қалмайды - И. Адырбеков

Бұл туралы бүгін Бейжіңде өткізілген Қазақстан Республикасы Президентінің халыққа Жолдауының негізгі қағидаларын талқылауға арналған «дөңгелек үстел» отырысы барысында ҚХР-дағы Қазақстан Республикасының Төтенше және Өкілетті елшісі Икрам Адырбеков хабарлады.

И.Адырбековтың айтуынша, халықаралық аренадағы осындай белсенді әрекетінің арқасында 2010 жылы Қазақстан Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымына төрағалық лауазымында жауапты міндет атқарды.

«Бүгінде біз осы миссияны табысты атқарып, халықаралық қоғамдастық тарапынан көрсетілген сенімді ақтай алдық деп мақтанышпен айта аламыз. Бір ғана мысал: 1999 жылғы Ыстамбұл саммитінен кейін Астанада он бір жыл өткеннен кейін 2010 жылдың желтоқсанында ЕҚЫҰ саммиті болып өтті», - деп атап өтті ол.

Қазақстанның Шанхай ынтымақтастық ұйымына төрағалығы жайлы әңгіме қозғағанда, И.Адырбеков Астананың ШЫҰ-ның 2010-2011 жылдарға арналған іс-қимыл жоспарын бастап бергенін, оның аясында ұйым желісі бойынша 100-ден астам түрлі шаралар жоспарланып отырғанын және олардың қазіргі күні аса табысты жүзеге асып жатқанын айта кетті.

«Осы ұмтылыстардың, жұмыстардың қорытындысы ретінде биылғы жылдың 15 маусымында Астана қаласында ШЫҰ мерейтойлық саммиті өткізіледі. Сонымен қатар биыл Қазақстан аса беделді құрылым - Ислам Конференциясы Ұйымына төрағалық етеді», - деп атап өтті елші.