Қазақстан жаһандық дағдарыстың салдарына төтеп бере алды және ел болашағының жарқын болатындығына сенімді - Премьер-Министр К.Мәсімов

Дағдарыс кезінде біз білім беруге қажетті гранттар санын айтарлықтай арттырдық. Қазіргі таңда біз Мемлекет басшысының республика бойынша интеллектуалды мектептер ашу жөніндегі міндеттерін жүзеге асырудамыз», деді Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов елордада өтіп жатқан III Астана экономикалық форумында.
«Біз осы аптада Назарбаев университетін аштық. Аталмыш оқу орны әлемнің үздік оқу орындарымен әріптестік қатынас орнатып, жоғары білім беру саласындағы жетістіктердің барлығын Қазақстанға жеткізетін болады. Сонымен қатар техникалық және кәсіптік техникалық білім беру ісін инвестициялап отырмыз. Бұл шара еңбек ресурстарымыздың талапқа сай білім алуына және жұмыспен қамтылуына ықпал етеді», деді Премьер Министр.
Сонымен қатар денсаулық саласы бойынша атқарылып жатқан мәселелерге тоқталған Үкімет басшысы: «Біз бұл сала бойынша қазір үлкен реформа жүргізгелі жатырмыз. Яғни болашақта аталмыш сала жаңа технологиялармен қамтамасыз етіліп, соның негізінде сапасы артады. Бұған қоса біз денсаулық сақтау саласындағы кадрлардың біліктілігіне назар аудара отырып, осы сала бойынша қызмет көрсету, терең әрі жан-жақты зерттеулер жүргізуге күш салатын боламыз. Бұл орайда осы бағыттағы шараларды жүзеге асыруға ерекше қолғабыс тигізіп отырған Ислам даму банкінің еңбегін ерекше атап өткім келеді. Осының барлығы Қазақстанның болашақта да қарқынды дамуына ықпал ететін факторлар. Қазақстан жаһандық дағдарыстың салдарына төтеп бере алды және ел болашағының жарқын болатындығына сенімді», деді К.Мәсімов.