Қазақстан және Қытай арасындағы байланыс нығайып келеді - ҚХР-дың ҚР-дағы елшісі
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан және Қытай арасындағы дипломатиялық байланыс орнаған кезден бастап соңғы 25 жыл ішінде екіжақты ынтымақтастық байланыстың негізгі нәтижелері және өзара іс-қимыл перспективалары туралы ҚХР-дың ҚР-дағы Төтенше және Өкілетті елшісі Чжан Ханькой «ҚазАқпаратқа» берген сұхбатында әңгімелеп берді.
- Қытай ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне белсенді қатысады деп күтілуде. Сіз ЭКСПО-ға қандай баға бересіз? ҚХР павильонының ерекшеліктерін атап өтсеңіз.
- ЭКСПО-2017 өте сәтті жасалған жоба. Көрменің ашылуына көптеген мәртебелі меймандар қатысты. Әзірге көрменің тек ресми ашылу бөлімі ғана өтті, алдағы уақытта әлемнің түкпір-түкпірінен туристер келеді деп күтілуде, олардың қатарында қытайлық туристер де бар. ҚХР-дың 24 провинициясы мен орталыққа бағынатын қалалары ЭКСПО көрмесіндегі Қытай павильонында өз экспозицияларын ұсынады.
ЭКСПО-ның негізгі тақырыбы - «Болашақтың энергиясы». Барлық елдер үшін, соның ішінде Қытай үшін бұл өте маңызды мәселе. Қытай көрмеде өзінің ядролық, жел және күн энергиясы саласында (Қытай дүниежүзінде мұндай құрылғылар өндіру жөнінен көш бастап тұр), шалғай аудандарға тұрақты тоқтың жоғары вольтті желілері арқылы жоғары кернеулі электр энергиясын жеткізу секілді салаларда ең озық технологияларын ұсынады.
Біз сондай-ақ, энергия сыйымдылығы мен электр энергиясын тиімді пайдалану мәселесіне баса назар аударамыз. Қытайда сонымен қатар, электромобиль жасау технологияларын дамыту алдыңғы орынға қойылған, осы мақсатта түрлі шаралар қолданып, өндірушілер мен сатып алушыларға жеңілдіктер де қарастырылған. Мәселен, Қытайда BYD - ең танымал электромобиль маркасы. Қазіргі уақытта қуаттау технологиясын жетілдіру және электромобиль аккумуляторларының сыйымдылығын арттыру бойынша белсенді жұмыс жүргізіліп жатыр.
Қытай дүниежүзі бойынша көмірсутегі ресурстарын ең көп тұтынушы ел. ҚХР-да пайдаланылуы жағынан тиімсіз әрі қоршаған ортаға зиян келтіретін көмір қоры мол болғандықтан, біздің мемлекетіміз көмірді мұнай және газға айналдыру технологияларын жетілдіріп жатыр. Осы мақсатта биоэнергетика саласы да жақсы дамып келеді.
Жалпы айтқанда, ЭКСПО Қазақстан басшылығының көрегендігін аңғартады, инновациялар және технологиясы ілгері дамыған мемлекеттермен ынтымақтастық орнату негізінде елдің дамуына ықпал етеді. Мәселен, Қытай мен Қазақстан арасында өндірістік қуат саласында ынтымақтастық бағдарлама жүзеге асырылуда.
Бұл өндіру және қайта өңдеу саласындағы 51 жоба, яғни жоғары қосылған құнмен өндірілетін өнімдерге бағытталған. Шымкент және Атыраудағы мұнай өңдеу зауыттары елді бензинмен қамтамасыз етуге, химия өндірісіне мүмкіндік береді. Қазақстанда ауыл шаруашылығы үшін өте маңызды карбамид өндірісін (азотты тыңайтқыш) ашу жөнінде келіссөздер жүргізіліп жатыр.
Мұның барлығы Қазақстанның даму жолының дұрыс бағытын таңдап алуға мүмкіндік береді, менің ойымша, агроөнеркәсіп кешені және телекоммуникация ең перспективті салалар болып табылады. Олар ҚР-дың бәсекеге қабілеттілігін арттырады.
- Биылғы жылы Қазақстан және Қытай елдері арасында дипломатиялық қатынас орнағанына 25 жыл толады. Сіз осы аралықтағы екі мемлекеттің қандай жетістіктерін атап өтер едіңіз?
- ҚХР төрағасы Си Цзиньпиннің Қазақстанға сапары және соның аясында Шанхай ынтымақтастық ұйымына (ШЫҰ) мүше-елдер басшыларының Астанада өткен саммитіне қатысуы тарихи маңызға ие.
Біріншіден, оның сапары екі мемлекет арасындағы дипломатиялық қатынасқа 25 жыл толуы қарсаңында болды. 25 жыл ішінде қыруар жұмыс атқарылды, өзара сенім мен түсіністіктің мықты діңгегін қалыптастырдық.
Екі ел халқы жақындай бастады, бұл болашақтағы қарым-қатынасымызға кепілдік болады. Біз шекара мәселелерін де реттедік, екіжақты байланыс пен өзара тиімді ынтымақтастықтың қуатты әрі құқықтық негізін қалыптастырдық. 25 жыл ішінде теміржол, мұнай және газ құбырлары салынды, шекара пунктері ашылды.
Телекоммуникацияларды дамытып, әуе қатынасын аштық. Барлық іргелес мемлекеттер ішінен Қытай жан жақты инфрақұрылымдық байланысты тек Қазақстанмен ғана жасады деуге толық негіз бар.
Қытай 25 жыл ішінде Қазақстанға 43 млрд доллар инвестиция құйды - бұл көрсеткіш бойынша Еуразия кеңістігінде бірінші орында. Си Цзиньпин Қазақстанға жасаған сапары барысында тек Қытай Даму банкінің өзі қазақстандық серіктестермен жалпы құны 6 млрд долларға келісім жасады.
Бұл кезеңде гуманитарлық саладағы ынтымақтастықтың да негізі қалыптасты, студенттер мен әртістердің барыс-келісі жиілеп келеді. Алдағы 5 жылда Қытай тарапы қазақстандық студенттер үшін қосымша 200 білім грантын ұсынбақшы.
Ең бастысы - бұл Қазақстан жетістіктерінің, өзара ынтымақтастығымыздың нәтижесі мен әлеуетінің Қытайда мойындалуы. Қазақстанға көптеген қытайлық инвесторлар келеді, қазақстандық жоғары оқу орындарында оқитын қытай студенттерінің саны артады.
ЭКСПО көрмесіне 1000-нан астам қытайлық кәсіпорын қатысады, ең аз дегенде делегация құрамында 100 адам болады. Қазақстан ең озық технологияларды қабылдау және қажетті ақпаратты алу үшін ашық саясат жүргізіп, сыртқы әлеммен байланыс ауқымын кеңейтіп келеді. Бұл өте маңызды.
- Таяуда ғана Бейжіңде өткен «Бір белдеу, бір жол» форумында ҚХР төрағасы Си Цзиньпин Қазақстанды «Трансқұрлықтық транзиттік тасымалдаудың чемпионы» деп атады. ҚХР-да тауарлар тасымалы мәселесі қандай маңызға ие?
- Гуандун провинциясы және орталыққа бағынатын Чунцин қаласы - Еуропа нарығына жеткізілетін электронды өнім, сондай-ақ халық көп тұтынатын тауарлар шығаратын қуатты база. Қытайдан шыққан тауарды Еуропаға Қазақстан арқылы теміржолмен жеткізу үшін 15 күн уақыт кетеді - бұл өте қолайлы. Қазір ҚХР-дың 20-дан астам қаласы өз тауарларын Еуропаға Қазақстан арқылы тасымалдайды. Біз Батысқа киім-кешек, аяқ киім және тұрмыстық электроника апарамыз, ал Қытайға кері қайтқанда, шарап, косметика, сыра, автокөліктер және оның қосалқы бөлшектері тасымалданады.
Экспортталатын тауарлар қатары арттырылуда, олардың өзіндік құны төмендетіліп, вагон және рефрижераторларда тауар тасымалдау шарттары жетілдіріліп жатыр.
Қазақстан өз тарапынан жүк тасымалының қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Барлығы тез жүзеге асырылады, Қазақстан арқылы өтетін бағыттардың бәсекеге қабілеттілігі де артып келеді.
Таяуда ғана біз Қорғас пен Ляньюньган арасында телекөпір аштық, бұл «Бір белдеу, бір жол» стратегиясы аясында маңызды шараға айналды. Шын мәнісінде, қазір Азия-Тынық мұхиты аймағынан Еуропаға тауар тасымалдау кезінде құрлық жолын таңдайтын жеткізушілер саны артты. 2016 жылы 1200 контейнерлі теміржол құрамдары осы бағыт бойынша жол тартты.
Транзиттік жүк тасымалына арналған, бірінші кезекте, Қытай - Қазақстан - Ресей бағытында автокөлік жолын ашудың уақыты жетті. Бұл үшін тарифтер, жүргізушілерге арналған виза мәселелерін шешіп, өзіндік құнын төмендетіп, тағы да өнім тарту керек. Бұған ШЫҰ аясында 2017 жылдың басында жасалған автомобиль тасымалы жөніндегі келісімнің өз күшіне енуі мүмкіндік береді.
Мәселен, Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық өлкесі - Шығыс Қазақстан облысы - Омбы бағытының ашылуы біздің мемлекеттер арасындағы сауда байланысының артуына оң ықпалын тигізеді.
Жолдарды қайта қалпына келтіру керек. Жолдар болса, екі ел арасындағы туризм де дамиды. Транспорттық дәліздің дамуы үшін тек қытай қаржы институттарын ғана емес, Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкі сынды халықаралық инфрақұрылымдарды да тартуға болады.
Бұған қоса, «Бір белдеу, бір жол» бағдарламасы аясында «зұлымдықтың үш күші» - терроризм, экстремизм және сепаратизмге қарсы бірлесе әрекет жасайтын қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық байланыстарды да нығайту керек.
Инвестиция, адам және құрылғылар қорғанысына кепілдік берудің маңызы зор. Қазақстан бұл мәселеге ерекше көңіл бөледі.
- Сарапшылар Қазақстанның «Нұрлы жол» және Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» бағдарламалары арасындағы үндестік жайлы жиі айтады. Бұл жөнінде Сіздің пікіріңіз қандай?
- «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясаты мен «Бір белдеу, бір жол» арасындағы үндестік жөнінде айтар болсақ, бұл үрдіс тек инфрақұрылым саласында ғана емес, сауда, инвестиция, логистика және телекоммуникация саласында да көрініс тапқан.
«Нұрлы жол» - бұл Қазақстан экономикасын жандандыруға және әлемдік нарыққа шығаруға арналған Нұрсұлтан Назарбаевтың экономикалық сарабдал саясаты. Бұл ретте «Нұрлы жол» және «Бір белдеу, бір жол» бағдарламаларының үндестігі ортақ мүдде мен өзара тиімділікке негізделген.
- Сіз Қазақстандағы Елші қызметін 2014 жылдан бері атқарып келесіз. Биыл Қазақстандағы Қытай туризмінің жылы деп жарияланған болатын. Бұл аралықта Сіз Қазақстанның қай өңірлерін аралай алдыңыз?
- Мен Алматы облысында болдым. Жұмыс кестем өте тығыз болғандықтан, Қазақстанның өзге өңірлерін аралай алған жоқпын.
Қазақстанның туристік кластерді дамыту әлеуеті өте жоғары. Бұл жерде Бурабай, Шарын шатқалы, Балқаш, Алтай, Алатауды атап өткен жөн.
Қытайлық туристер Қазақстанға үлкен қызығушылық танытып жатыр. Қытай ірі әуе компаниясы («Air China») Бейжің - Астана бағытын ашты.
Қытайлық инвесторлар туризм, қонақүйлер және мейрамханаларға инвестиция салуға ниетті, бірақ мұның бәріне уақыт керек. Ең бастысы - қытайлар сатып алғанды жақсы көретіндіктен, өнім дайындау керек. Мәселен, өткен жылы қытайлар Мәскеуде 1 млрд доллар жұмсады.
- Қытайдың «I am a Singer» жобасына қатысқан Димаш Құдайберген қытай және қазақ халқының арасындағы мәдени байланыстың көпіріне айналды десек, артық айтқандық емес. Қытай және қазақ мәдениетінде Сіз қандай ұқсастық байқайсыз?
- Таяуда ғана Димаш ШЫҰ-ның гала-концертінде өнер көрсетті. Оның таланты бар және оны жастар жағы жақсы көреді. Өнерде шекара жоқ. Қытайда өнер көрсету арқылы Димаш тек қазақ халқының мәдениеті мен өнерін насихаттап қана қоймай, ол сондай-ақ, Қытай және Қазақстан арасындағы достық байланысты нығайтты.
Қазақстан халқы - еңбексүйгіш және талантты, мейірімді де қонақжай. Қазақтың ұлттық тағамдарын (қазы, бешбармақ) жақсы көремін, Қытайға барғанда өзімнің достарыма, жақындарыма үнемі қазы, бал, қазақстандық ұнды сыйлық ретінде апарамын. ҚР жоғары сапалы және экологиялық таза өнімдері ҚХР-да жоғары сұранысқа ие. Мен қазақстандық қоғамның жарқын болашаққа деген сенімін, рухани жаңғыруын аңғардым. Әсіресе, Қазақстан жастарының әлем жайлы көп біледі, олардың шетелге шығып оқып, жұмыс істеуіне барлық мүмкіндік қарастырылған, бұл тұрғыдан Қытаймен ұқсастық бар деуге болады.
- Сұхбатыңызға рахмет!