Қазақстан және Ресей қорғаныс ведомстволары арасындағы стратегиялық серіктестік және өзара іс-қимыл жоспарына қол қойылды
АСТАНА. 18 наурыз. ҚазАқпарат - жақында Астанада Шанхай Ынтымақтастық Ұйымына мүше-мемлекеттер Қорғаныс министрлерінің жиналысы аяқталды, деп хабарлайды ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.
Халықаралық және өңірлік қауіпсіздік, ШЫҰ құрамына кіретін мемлекеттер қорғаныс ведомстволарының кейінгі жерде кеңеюі мәселелері талқыланды. Маңызды құжаттарға қол қойылды, ШЫҰ мемлекеттері ынтымағы өзінің өзектілігін дәлелдеді, себебі, Ұйым өзіне мүше мемлекеттердің аумағында ғана емес, жалпы ғаламдық шеңбердегі қауіпсіздіктің қамтамасыз етілуіне мүдделі.
Қазақстанның төрағалық ету жылында жиын өткізу - қосымша жауапкершілік жүктеді. Шанхай Ынтымақтастық ұйымының төрағасы мінберіндегі біздің еліміздің нақты қадамдары көпқырлы қарым-қатынасты тереңдетуге бастаған ортақ әрекетте сабақтастықты қамтамасыз етуге бағытталды.
Жиналыс барысында қол қойылған құжаттарға қоса тағы бір маңызды құжат - «Қазақстан және Ресей қорғаныс ведомстволары арасындағы стратегиялық серіктестік және өзара іс-қимыл жоспарына» қол қойылды. «Қазақстан және Ресей арасындағы әскери ынтымақтастық 1994 жылдан бері, ҚР және РФ арасындағы әскери ынтымақтастық туралы келісімшарт, ҚР Үкіметі және РФ Үкіметі арасындағы келісім, сондай-ақ, жыл сайынғы мемлекеттер арасындағы екіжақты ынтымақ жоспары негізінде іске асырылуда. Қарым-қатынастың стратегиялық бағытын ескере келе, өңірлік қауіпсіздік пен қорғаныс саласындағы ынтымақты күшейтуге, лаңкестік мен экстремизмге қарсы әрекетке ықпал ететін біздің мемлекеттер Қарулы Күштерінің бірлесе өткізіп отырған жаттығу ойындары өте маңызды», - деп бірнеше рет атап өтті Қазақстанның Қорғаныс министрі.
2010 жылы бірлескен үш жаттығудың өткізілгендігін айтқан жөн. Олар «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының РФ ҚК Приволжье-Урал әскери округінің жедел тобының қатысуымен өткен жедел-тактикалық командалық-штабтық жаттығуы және екі көлемді халықаралық ұйымдар шеңберінде Қазақстан Республикасының аумағында жүргізілген ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің қарулы күштері қатысқан лаңкестікке қарсы біріккен «Бейбіт миссия-2010» және Ресей Федерациясында жалауын көтерген ҰҚШҰ Жедел әрекет ету күштері контингенті қатысқан «Өзара іс-қимыл-2010» біріккен жедел-тактикалық жаттығуы.
Үстіміздегі жылы да осындай көлемдегі бірлескен жаттығуларды өткізу жоспарланып отыр. Олар Ресей Федерациясының аумағында тұсауын кесетін «Жауынгерлік достастық-2011» және «Орталық-2011» стратегиялық жаттығуы, сондай-ақ Қазақстан Республикасында өткізілетін «Шығыс-2011» жедел-тактикалық командалық-штабтық жаттығулары.
Қазақстан-ресей арасындағы байланыс жоғары сенім мен стратегиялық серіктестікке құрылғанын екі жақ та атап өтті. Құрылған нормативтік-құқықтық база тек қана біріккен жедел және жауынгерлік әзірлік шараларын өткізуге емес, сонымен бірге Қазақстан Республикасының әскери қызметшілерін Ресейдің әскери оқу орындарында оқытуға және де қару-жарақ пен әскери техниканы жетілдіру мен алуды жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
Қазақстан мен Ресей - Орталық Азия аймағындағы басты серіктестер. Екі қорғаныс ведомствосының арасында мықты сенімді серіктестік байланыс бар. Серіктестік, ашықтық, тіл табысу олардың өзара қарым-қатынасының нығая түсуіне мүмкіндік жасайды.