Қазақстан жылу маусымына қаншалықты дайын

АСТАНА. KAZINFORM – Жылу маусымына дайындық шешуші кезеңге жетті. Жөндеу, энергетикалық желілерді жаңарту және жаңа нысандарды іске қосу қыста тұтынушыларды тұрақты энергиямен қамтуға бағытталған. Алайда жүйенің нақты дайындығы қысқы ең жоғары жүктемеге төтеп беруі мен отын қорының жеткіліктілігі арқылы сыналады. Қазақстан энергетикасы қысқа қаншалықты дайын – Kazinform тілшісінің материалында.

жылыту маусымы
Фото: БҚО энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасынан

Жұмыс қызу жүріп жатыр

Жаңа жылу маусымына дайындық жұмыстары қазір қарқынды жүріп жатыр. 2026 жылы электр станцияларында тоғыз энергоблокқа, 55 қазандық пен 51 турбинаға күрделі жөндеу жүргізу жоспарланған. Бүгінде үш энергоблок, 13 қазандық және сегіз турбина толық жөндеуден өтті. Тағы екі энергоблок, 29 қазандық және 22 турбинада жұмыстар әртүрлі кезеңде жүргізіліп жатыр.

Риддер жылу орталығында 5 қазандықтағы жөндеу жұмыстары аяқталды
Фото: ШҚО энергетика және ТҮКШ басқармасы

Дайындықтың тағы бір маңызды бағыты – электр желілерін жаңарту. Биыл 17,1 мың шақырым электр желісін, 444 қосалқы станцияны және 3,4 мың тарату пункті мен электр торабын жөндеу көзделген. Қазірдің өзінде 13,3 мың шақырым желі, 271 қосалқы станция және 2 219 тарату пункті мен электр торабы жаңартылды.

а
Фото: ҚДБ

Жылу желілеріндегі жағдай сәл өзгеше. Биыл қайта жаңарту және күрделі жөндеуден өткізу жоспарланған 377 шақырым құбырдың 139 шақырымы ауыстырылды. Бұл – жылдық жоспардың 37 пайызы ғана.

жылу құбыры
Фото: Үкімет

Энергетика министрлігінің мәліметінше, барлық жұмыс бекітілген кестеге сәйкес жүргізіліп жатыр. Алдағы жылу маусымына дайындыққа елеулі қауіп төндіретін факторлар анықталмаған.

Сонымен қатар энергетика және коммуналдық секторды жаңғырту жобалары жалғасып жатыр. Биыл жалпы құны 131,1 млрд теңге болатын 61 жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Оның 28-і іске асырылуда, 23 жоба – бастауға дайын, тағы 10 жоба – әртүрлі кезеңде мақұлданып жатыр.

Мұнда «Бәйтерек» холдингі мақұлдаған жобаларға жеке тоқталуға болады. Мұнда 318 жобаның 173-і электрмен жабдықтауға, 71-і жылумен қамтуға арналған. Алдағы айларда осы екі бағыттағы 20-30 шақты жобаны аяқтау жоспарланып отыр.

Кентаудың жылыту маусымына дайындығы қалай
Фото: Түркістан облысы әкімдігі

Алайда бұл жобалардың қайсысы алдағы жылу маусымына дейін аяқталып, биылғы қыста нақты нәтиже беретіні, ал қайсысы ұзақ мерзімге арналғаны маңызды. 2026–2027 жылдардағы қыс маусымы үшін ең маңыздысы — жөндеу жұмыстары толық аяқталып, ең жоғары жүктеме кезеңі басталғанға дейін пайдалануға берілетін нысандар.

Қысқа дайындық туралы сарапшы не дейді

Қазақстанның еңбек сіңірген энергетигі Жақып Хайрушевтің айтуынша, энергетикалық жүйенің қысқа дайындығын жүргізілген жөндеу жұмыстарының көлеміне ғана қарап бағалау дұрыс емес.

– Энергетика саласы үшін жөндеу жұмыстарының көлемінен гөрі, күзгі-қысқы кезең басталғанда қанша қондырғы толық іске қосылатыны маңызды. Қыс кезінде электр тұтыну шарықтаған сәтте жүйенің нақты қуаты қанша болады, тұтынушылардың сұранысы өтелген соң қанша резерв қалады, ұзақ уақыт бойы апаттық жағдайға байланысты шектеуде тұрған жабдық бар ма, станциялардың отын қоры жеткілікті ме – ең алдымен осы мәселелерге назар аудару қажет, – деп түсіндірді Жақып Хайрушев.

Фото: из личного архива Жакыпа Хайрушева
Фото: Жақып Хайрушевтің жеке мұрағатынан

14 тамызда болған ауқымды электр қуатының үзілуінен кейін сарапшы энергетикалық жүйенің күзгі-қысқы кезеңге дайындығын бағалауда тағы бір маңызды көрсеткішті ескеруді ұсынды.

Оның айтуынша, жүйенің қыстағы ең жоғары жүктемені қалыпты жағдайда көтере алуы ғана емес, төтенше жағдай кезіндегі әрекеті де сыналуы керек. Мысалы, ірі энергоблок кенеттен істен шықса, 500 кВ электр желісі ажыратылса немесе Орталық Азияның біртұтас энергетикалық жүйесінде елеулі теңгерімсіздік туындаса, жүйе мұндай жағдайға қаншалықты төтеп бере алатынын тексеру керек.

– Қазір бір мезгілде үш энергоблок, 33 қазандық және 24 турбина жөндеуден өтіп жатыр. Қара суық түскенше барлық маңызды жабдық жөнделіп қана қоймай, сынақтан өтіп, нақты қолжетімді қуатын растауы керек, – деді энергетик.

Өзбекстанда шикізат импорттаудағы іркілістен дизель мен мазут өндіру жоспары орындалмады
Фото: ҚР СІМ

Соңғы деректер бойынша, энергетикалық кәсіпорындардың қоймаларында 4,1 млн тонна көмір және 137 мың тонна мазут бар.

Қырғызстанда көмір экспортына салынған тыйым мерзімі ұзартылды
Фото: Freepik

Сарапшы мұны да маңызды көрсеткіш деп санайды. Алайда отын қорын бүкіл ел бойынша бір ғана жалпы көрсеткішпен бағалау жеткіліксіз. Әр станцияның жеке қорын, белгіленген нормативті және нақты отын шығынын ескеру қажет.

Есептен нақты бақылауға дейін

Биыл күзгі-қысқы кезеңге дайындық барысында энергетика нысандарының жағдайын бақылау тәсілі өзгерді. 2025 жылы Энергетика министрлігі дайындық пен оның өтуін бақылауды автоматтандыратын цифрлық сервисті сынақтан өткізді.

Бұл сервис EnergyTech платформасындағы «Отын-энергетика кешенін басқарудың бірыңғай мемлекеттік жүйесі» құрамында жұмыс істейді. Бір жылда энергетика саласындағы нысандардың бірыңғай цифрлық базасы жасалады. Бұған дейін жабдықтардың техникалық жағдайы туралы мәліметтер қағаз жүзінде және әр мекеменің бөлек құжаттарында сақталатын. Бұл энергетикалық жүйенің жалпы жағдайын жедел бағалауға кедергі келтіретін.

EnergyTech платформасы: жылыту маусымындағы қауіптерді азайтудың жаңа цифрлық тетігі
Фото: Энергетика министрлігі

Қазір 160 кәсіпорынның активтері цифрландырылды. Оның ішінде 76 энергия өндіруші, 30 энергия беруші және 54 жылу беруші ұйым бар. Жалпы саны 115 мың нысан мен жабдыққа жеке сәйкестендіру нөмірі берілді.

Сынақ кезеңінде бірқатар мәселе де анықталды. Атап айтқанда, бастапқы деректердің толық болмауы, мәліметтердің әркелкілігі, жабдықтарды бірыңғай тәртіппен жіктеу жүйесінің қалыптаспауы және бір ақпараттың бірнеше рет енгізілуі байқалды. Бұл мәселелерді шешу үшін активтерді есепке алудың бірыңғай әдістемесі әзірленіп, активтерді басқару модулі халықаралық ISO 14224 стандартына сәйкестендірілді.

көмір
Коллаж: Kazinform /ЖИ көмегімен жасалды

Осылайша, энергетика нысандарын бақылау тәсілі де өзгеріп келеді. Бұрын қандай да бір ақау кәсіпорынның қағаз журналында ғана тіркелсе, енді ол нақты жабдыққа бекітіледі. Әр нысанның жеке сәйкестендіру нөмірі бар. Сол нөмір арқылы жабдықтың техникалық жағдайы, анықталған ақаулары және жоспарланған жөндеу жұмыстары туралы барлық мәліметті қадағалауға болады.

Ақауды апатқа дейін анықтау керек

Жаңа сервис әр кәсіпорынның дайындық деңгейін жалпы пайызбен ғана емес, жекелеген жабдықтардың жай-күйі бойынша бақылауға мүмкіндік береді. Егер жөндеу жұмыстары белгіленген мерзімнен кешіге бастаса, бұл ақпарат Энергетика министрлігі мен жергілікті атқарушы органдарға көрінеді, яғни жылу маусымы басталғанша қажетті шараларды қабылдауға мүмкіндік туады.

Жүйені енгізудегі негізгі мақсаттың бірі – апат қаупін азайту. Ол үшін жұмысты апаттан кейін тіркеуден гөрі, оның алдын алуға басымдық беріледі. Алайда 2025-2026 жылдар жүйені сынақтан өткізу кезеңі болды. Осы уақытта негізгі күш нысандарды цифрландыруға және деректерді жинау тәртібін жолға қоюға жұмсалды. Сондықтан биылғы жылу маусымында жүйенің тиімділігін толық бағалау әзірге мүмкін емес.

Көмір генерациясын дамыту жобасы: энергетикалық қауіпсіздік қалай қамтамасыз етіледі
Фото: Nano Banana

Энергетика министрлігі жүйенің алғашқы нақты нәтижелерін 2026-2027 жылдардағы жылу маусымынан кейін күтеді. Сол кезде сервис ақаулар тізімін тізуден бастап, нысанның дайындық паспортын беруге дейінгі барлық кезеңнен өтуі тиіс. Басқаша айтқанда, алдағы қыс цифрлық жүйе үшін алғашқы үлкен сынақ болмақ.

Дегенмен цифрландыру энергетика саласындағы техникалық мәселелерді өздігінен шеше алмайды. Министрліктің мәлімдеуінше, жаңа сервис желілер мен энергия өндіретін жабдықтарды жаңғыртудың орнын баспайды. Оның міндеті – қай нысанға қандай шара қажет екенін дәл анықтап, ресурсты сын-қатер жоғары нысандарға бағыттауға көмектесу. Ал жүйенің толық тиімділігі бірнеше жылу маусымында жиналған деректер негізінде айқындала түспек.

– Бұл тәсілдің өзі дұрыс. Алайда цифрлық бақылау қазандықты өздігінен жөндемейді, электр желісінің өткізу қабілетін арттырмайды және қосымша қуат қорын жинамайды. Оның артықшылығы – мәселені апатқа айналмай тұрып анықтауға мүмкіндік беруінде. Жүйе жабдықтың нақты техникалық жағдайын, жөндеу кестесінен ауытқуды, ақау қарқынын, қолда бар қуатты, апат салдарынан енгізілген шектеулерді, отын қорын және электр желілерінің жай-күйін көрсетуі керек, – дейді Жақып Хайрушев.

Сарапшының айтуынша, электр станциялары, желілік компаниялар және Жүйелік оператордың деректерін бір жерге жинақтау өте маңызды. Бұл жекелеген нысандардың жағдайын ғана емес, елдің біртұтас электр энергетикасы жүйесінің жалпы ахуалын бағалауға мүмкіндік береді.

Вновь отопительный сезон: какая работа над ошибками за два года проведена в Экибастузе
Фото: Валерий Бугаев

– Мысалы, бір энергоблоктың жөндеуі кешіксе, оны тек сол станцияға қатысты мәселе деп қабылдауға болады. Бірақ дәл сол энергоауданда электр желісі де жөндеуде болып, көршілес энергоблоктың қуаты шектелсе, ал тұтыну көлемі өсіп жатса, бұл енді тұтас жүйеге қауіп төндіреді. Цифрлық бақылау осындай факторлардың бір-біріне әсерін алдын ала анықтауы керек, – деп түсіндірді Жақып Хайрушев.

Сонымен бірге сарапшы цифрландыру тиімді болуы үшін оның басқарушылық шешімдермен тікелей байланысы болуы керек деп есептейді.

– Егер жүйе маңызды жабдықты жөндеу жұмыстары екі аптаға кешігіп жатқанын көрсетсе, оған кім жауапты екені, кешігудің себебі және қандай нақты шара қабылданатыны бірден белгілі болуы қажет. Отын қоры ең төменгі деңгейге жақындай бастаса, мәселе туындамай тұрып ескерту берілуі қажет. Ал жабдықтың көрсеткіштері тұрақты түрде нашарлап жатса, оны апатты жағдайда тоқтатпай тұрып жөндеу туралы шешім қабылдануы керек, – деп атап өтті ол.

Сарапшының пікірінше, цифрлық бақылаудың басты мақсаты – дайындықтың жекелеген кезеңдерін тіркеу емес, энергетикалық жүйенің қысқа қаншалықты дайын екенін бағалау. Осындай тәсіл ғана цифрландыруды электронды есеп жүргізу құралы емес, энергетикалық жүйенің сенімділігін басқарудың толыққанды тетігіне айналдыра алады.

Ашық деректер цифрландырудың келесі кезеңі болуы мүмкін

Қазір цифрлық жүйе негізінен энергетика нысандарын мемлекеттік деңгейде бақылау үшін қолданылады. Ал бұл мәліметтер қарапайым тұрғындарға да қолжетімді бола ма деген сұрақ әзірге ашық күйінде қалып отыр.

отопительный сезон
Фото: pixabay

– Деректерді көпшілікке жариялау мәселесі ақпараттық қауіпсіздік талаптарын, сондай-ақ қызметтік және коммерциялық ақпаратты қорғау қажеттілігін ескере отырып шешіледі, – деп хабарлады ведомство Kazinform сауалына берген жауабында.

Айта кетейік, бүгін Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов әкімдерге энергия нысандарының қыс мезгіліне дайындығын бағалау жөніндегі комиссиялардың жұмысына тікелей қатысуды тапсырды.

Биыл 7 айда электр станцияларында 891 техникалық бұзушылық анықталған.