Ерлан Ақкенженов технологиялық бұзушылықтар артқан энергия нысандарын атады

АСТАНА. KAZINFORM – Биыл 7 айда электр станцияларында 891 техникалық бұзушылық анықталды. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов айтты.

жылыту маусымы
Фото: Астана әкімдігі

- Алдағы жылыту маусымына дайындық аясында Жүйелік оператор бекіткен кестеге сәйкес, биыл электр станцияларында 9 энергия блогын, 55 қазандықта және 51 турбинаны жөндеу жоспарланған. Қазіргі уақытта 3 энергия блогында, 33 қазандықта және 24 турбинада жөндеу жұмыстары әртүрлі кезеңдерде жүргізіліп жатыр. Ағымдағы жылы жөндеу жұмыстарына 384 млрд теңге көзделген. Бұл өткен жылдың деңгейінен 9 пайызға жоғары, - деді ол.

Министрдің айтуынш, өңірлік электржелілік компаниялардың электр желілерінде жалпы ұзындығы 17,1 мың шақырым электр беру желілерін және 444 қосалқы станцияны жөндеу жоспарланған. Бүгінгі таңда электр беру желілерінің 91 пайызын және қосалқы станциялардың 84% пайызын жөндеу аяқталды. Жылумен жабдықтау желілерінде 377 шақырым жылу желілерін реконструкциялау және күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу көзделген. Оның 246 шақырымы немесе 65 пайызы орындалды.

- Осы жылдың 7 айының қорытындысы бойынша электр станцияларындағы технологиялық бұзушылықтар саны 5,6 пайызға төмендеп, 891 жағдайды құрады. Сонымен қатар «ГРЭС Топар», «Астана-Энергия» Жылу энергия орталығы-2, Шымкент қаласындағы «Энергоорталық-3» және Ақсу қаласындағы ГРЭС-те технологиялық бұзушылықтардың өсуі байқалады. Аталған технологиялық бұзушылықтар бойынша Энергетикалық қадағалау комитеті өз құзыреті аясында тиісті тергеп-тексеру жұмыстарын жүргізіп, қажетті шараларды қабылдады, - деді Ерлан Ақкенженов.

Айта кетейік, отырыста Үкімет басшысы Олжас Бектенов оңтүстік өңірлердің электр энергиясы сенімділігін күшейтуді тапсырды.