Олжас Бектенов оңтүстік өңірлердің электр энергиясы сенімділігін күшейтуді тапсырды
АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов Энергетика министрі Ерлан Ақкенженовке еліміздің оңтүстік өңірлерінің электр энергиясы сенімділігін күшейтуді тапсырды.
- 14 тамыз күні болған жағдайға қатысты тексеріс не көрсетті және алдағы уақытта осындай жағдайлардың алдын алу үшін қандай шаралар қабылдап жатырсыздар? - деп сұраған еді отырыста Үкімет басшысы министрден.
Сауалға жауап берген Ерлан Ақкенженовтің айтуынша, еліміздің оңтүстік аймағындағы электр энергиясы тапшылығын ескере отырып, ең бірінші министрлік жаңа генерация нысандарын кезең-кезеңмен іске қосуды жалғастырады.
- Оның ішінде Алматы қаласындағы ЖЭО-2, ЖЭО-3, ал Түркістан облысында қуаттылығы 1000 МВатт жаңа бу-газ қондырғысы пайдалануға берілетін болады. Сонымен қатар оңтүстік аймақ желілерінің сенімділігін арттыру үшін Шу-Жамбыл-Шымкент қуаттылығы 500 киловольт электр желісінің құрылысы жалғасып жатыр. Аяқталу мерзімі – 2027 жылдың 2-тоқсаны. Қазіргі таңда орындалуы 50 пайызға жуық, - деді ол.
Министрдің айтуынша, Үкімет басшысының тапсырмасымен мемлекеттік комиссия құрылды. Мемлекеттік комиссия бірнеше күннен кейін Премьер-министрге қосымша ұймдастырушылық шараларын ұсынады.
- Стратегиялық маңызы бар бағыт. Сондықтан жұмыстарды күшейту керек, - деп тапсырды осы орайда Олжа Бектенов министрге.