Қазақстан жолдарымен ауыр жүктерді бөліп тасымалдау міндеті енгізіледі

«Негізі, бұл - өте маңызды мәселе. Біз жыл сайын жол салу және жөндеу жұмыстарына миллиардаған қаржы жұмсап отырмыз. Біраз қаражатты xалықаралық қаржы институттарынан қарызға аламыз. Сол үшін процент те төлейміз. Ал ауыр жүк көліктеріне келгенде өз жолдарымызбен жүруге рұқсатты оп-оңай бере саламыз. Ақшаны берсе болды. Көліктік бақылау қызметі рұқсатын береді. Артынан жолдардың тез бұзылатынына таң қаламыз. Еуропа жолдарымен де салыстырып жатамыз. Ол жақта ауыр жүк таситын бір көлікке арнайы рұқсат алу қиын. Жүк бөлінбейтін болса ғана рұқсат беріледі. Ал жүк бөлуге келсе, тіркемені алып, соған тиеп апаруға тура келеді. Сонда жолға түсетін салмақ бірқалыпты болады», - деді Н.Нығматулин.
Оның айтуынша, аталған норма Ресейде және Қырғызстанда бар. Сондықтан ауыр жүктерді бөліп тасымалдау міндетін Қазақстанға да енгізу керек. Ондай ұсынысты арнайы жұмыс тобында депутаттар жасады. «Сондықтан осы ұсынысты қолдау қажет. Қазақстанда бөлінбейтін жүктерге ғана рұқсат беруге болады. Қалғанын бөліп тасымалдау қажет. Осыны жол жөндеп жүрген мамандар да қолдайды деп ойлаймын. Әйтпесе, бәріне бірдей рұқсат қағаздарын бере берсек, жолдан жол қалмайды. Жол қозғалысының қауіпсіздігі де қиындай түседі. Қазіргі қарқынмен жолдардың сапасын сақтай алмаймыз. Сол себепті осы норманы екінші оқылымға дейін енгізіп, заңды түрде қабылдайтын болайық», - деп атап көрсетті Н.Нығматулин.
ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Жеңіс Қысамбек аталған ұсынысты толығымен қолдайтынын жеткізді.
Айта кетейік, бүгін ҚР Парламент Мәжілісінің депутаттары Серік Сәпиевтің өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы шешім қабылдады. Лондон Олимпиадасының чемпионы С.Сәпиев 2017 жылдың ақпан айында ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты қызметіне тағайындалған болатын.