Қазақстанда 10 мың жұмысшыға 7 роботтан келеді — Министр мұны төмен көрсеткіш деп атады
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның машина жасау саласы жаңа кезеңге қадам басты: өндірістерде роботтандыру қарқын алып, жасанды интеллект пен цифрлық шешімдер белсенді енгізіліп келеді. Дегенмен, елдегі роботтандыру деңгейі әлі де төмен — 10 мың жұмысшыға небәрі 7 роботтан келеді. Бұл туралы Үкімет отырысында Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев айтты.
Оның айтуынша, машина жасау саласындағы инновацияны дамытудың басты бағыттарының бірі – өндірісті роботтандыру.
— Қазірде елімізде 10 мың жұмысшыға 7 роботтан келеді, бұл дамыған елдерден әлдеқайда төмен. Осыған байланысты өндірісте роботтандыруды дамыту және кадр тапшылығын азайту мақсатында цифрлық шешімдерді енгізу жұмыстары белсенді жүргізілуде. Оның ішіне автоматтандырылған өндірісті басқару жүйесі, деректерді талдау, жасанды интеллект, цифрлық платформалар, өнеркәсіптік роботтар мен machine vision жүйелері кіреді, — деді Өнеркәсіп министрі.
Өткен жылы өндірістерде FANUC және ABB роботтарын қоса есептегенде 300-ден астам робот орнатылған.
Мысал ретінде KIA Qazaqstan зауытында 68 робот, Astana Motors-та 54 робот жұмыс істейді.
Сонымен бірге, Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігімен бірлесіп, «Digital Kazakhstan» жалпыұлттық стратегиясы аясында экономика салаларын роботтандыру бойынша жобалық офис құру жоспарланып отыр.
Айта кетейік, елдегі кәсіпорындардың инновацияға жұмсаған шығыны төрт жарым есеге өсіп, 1,9 триллион теңгеге жетті. Тереңде орналасқан, дәстүрлі әдістермен анықталмайтын жасырын кен орындарын іздеу үшін инновациялық геохимиялық әдіс енгізіліп жатыр.
Соңғы бес жылда тау-кен саласының ірі кәсіпорындары ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға 150 миллиард теңге инвестиция салып, 1,5 мыңнан астам жобаны іске асырған.