Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Қазақстанда 17 мың студент психология мамандығында білім алып жүр

АСТАНА. KAZINFORM — Қазір елімізде 17 мың студент психология мамандығында білім алып жүр. Сарапшылардың айтуынша, қоғамда психолог көмегіне жүгіну мәдениеті қалыптасып келе жатыр.

Қазақстанда 17 мың студент психология мамандығында білім алып жүр
Фото: freepik

Бұл туралы «Психологиялық қызмет туралы» заң қабылданғаннан кейін психологиялық қызмет көрсету нарығын реттеу мәселесіне арналған BIZDIÑ ORTA подкастында айтылды.

Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті психология кафедрасының меңгерушісі Әлия Мәмбеталинаның айтуына қарағанда, бүгінде психология мамандығын таңдаған студенттердің ресми саны 17 мыңға жеткен.

— Бұл көрсеткіш жыл сайын мектеп түлектерінің «Психология» мамандығын таңдайтынын білдіреді, яғни елімізде психологқа жүгіну мәдениеті біртіндеп қалыптасып келеді, — деді ол.

Ал Қазақстан қоғамдық даму институты Қоғамдық үдерістерді зерттеу орталығының директоры Әлия Масәлімова елімізде психологтарды даярлау және олардың жұмыспен қамтылуы туралы мәліметтермен бөлісті.

Оның айтуынша, Қазақстанда жыл сайын бакалавриат, магистратура және докторантура бағдарламалары бойынша шамамен 4 мың психолог даярланады. Мамандарды 43 жоғары оқу орны оқытады. Түлектердің 73-76 пайызы жұмысқа орналасады.

Сарапшының мәліметінше, елімізде клиенттермен жұмыс істеу тәжірибесі бар 1,5 мыңға жуық дипломды практик-психолог бар. Сонымен қатар мектептерде 8 мыңнан астам педагог-психолог еңбек етеді.

Әлия Масәлімова жаңа заң күшіне енгеннен кейін бір жыл ішінде психологтардың мемлекеттік тізімі жасақталатынын айтты.

— Осы мерзім аяқталғаннан кейін ғана мамандар заң талаптарына сәйкес ресми түрде психолог ретінде қызмет көрсете алады, — деді ол.

Айта кетейік, бұған дейін, психолог пен психиатрдың айырмашылығын жазған едік.