Қазақстанда 20 мыңға жуық кальянхананың қызметі заңдастырылуы мүмкін

АСТАНА. KAZINFORM — Мемлекеттік кірістер комитеті Акциздерді әкімшілендіру басқармасының басшысы Абылай Мекебаев Қазақстанда кальянханалардың қызметіне қайта рұқсат берілуі мүмкін екенін мәлім етті.

Кальян
Фото: freepik.com

— Салынған тыйым өз функциясын атқармай отыр. Нормативтік актінің реттеуші ықпалын талдау аясында балама жолдар қарастырылған. Балама жол деп отырғанымыз — тыйымды сол күйінде сақтап, әкімшілік жауапкершілікті қатаңдату немесе жаңа реттеу құралын енгізу. Талдау тыйымды сақтау немесе күшейту көлеңкелі сегмент пен сыбайлас жемқорлық тәуекелін арттыратынын көрсетті. Актінің реттеуші ықпалын бағалау есептеріне сүйенсек, реттеудің жаңа тәсілін іске асыру 20 мыңдай мекеменің жұмысын заңдастырып, 250 мыңдай адамның жұмыс орнын сақтауға немесе заңдастыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ бюджетке 23 млрд теңгедей түсім әкеледі. Бұл — алымдар, фискалдандырудан түсетін ақша мен жыл сайын алынатын төлемдер, — деді ол нормативке ұсынылып отырған өзгерістерді жария талқылауға арналған онлайн жиында.

Оның сөзінше, жаңа тәсіл кальян қызметін көрсету саласындағы заң бұзу фактілерін азайтып, эпидемиологиялық және қауіпсіздікті арттыруға жол ашады.

— АҚШ, Германия, Біріккен Араб Әмірліктері, Өзбекстан сияқты елдердің тәжірибесі кальян қызметін ұсынатын ұйымдардың қызметін реттеуде тыйым салудан гөрі заңдастыру моделі тиімді екенін көрсетіп отыр. Осылайша актінің реттеуші ықпалын бағалау қорытындысы ұсынылып отырған өзгерістер аталған сегментті көлеңкеден шығарып, халықтың денсаулығына тигізетін кері әсерін азайтуға бағытталғанын көрсетеді, — деді Абылай Мекебаев.

Бұған дейін Қазақстанда кальянға қатысты шектеулерді жеңілдету мүмкіндігі талқыланып жатқанын жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар