Қазақстанда 200 және 400 метр қашықтыққа жүгіруден алдыма жан салмаймын — сурдо атлет
АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Даниил Щелоков — Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы, Азия-Тынық мұхиты чемпионатының алтын медаль иегері. Kazinform тілшісі Сурдлимпиада ойындарының үздігі атануға бар күшін салып жүрген спортшымен кездесті.
Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданы Қандыағаш қаласының тумасы Даниил Щелоков бүгінде бар уақытын спортқа арнаған жан. Ол жыл бойы жаттығу жұмыстарын жүргізеді. Жүгіру денсаулық кепілі ғана емес, ел мен жерді танытуға, кәсіби спортшы атануына мүмкіндік берген спорт түрі деп біледі.
— Мен Ақтөбе қаласына 2006 жылы келдім. Мектепте білім алып, спортпен шұғылдандым. Жаттықтырушым Әли Кустанов жеңіл атлетикаға бағыттап, тынысымды аша түсті. Содан бері жаттығудан қол үзген емеспін. Ақтөбе облыстық арнайы мектебінде жүргенде, яғни, 14 жасымнан бастап осы бағытты дамытып келемін. Маған дәл осы спорт түрі ұнайды. Бүгінде жеткен жетістігім аз емес. Бірнеше дүркін ел чемпионы атандым. 2023 жылы Иранда өткен Азия ойындарына қатысып, ІІ орын иелендім. 2024 жылы Малайзияда Азия-Тынық мұхиты чемпионаты өтіп, І, ІІ және ІІІ орыннан көріндім, яғни топтық эстафетада І орында иеленіп, қыздар мен ерлер арасындағы эстафета кезінде ІІ орыннан көріндім. Өзім 400 метр қашықтыққа жүгіріп, үшінші болып келдім. Жапониядағы Сурдлимпиада ойындарына барғаныммен жарақат алып, жарысқа қатыспадым. Ал Тайваньда өткен әлем чемпионатында 9-орынды иелендім, — деді Даниил Щелоков.
Жеңіл атлет қазіргі кезде Алматы қаласында өтетін спартакиадаға дайындалып жүр. Үздіктері Азия ойындарына жолдама алады.
— Өзім 200, 400 метр қашықтыққа жүгіремін және эстафетаға қатысамын. Аптасына 3-4 күн 2-3 сағаттан дайындаламын. Жаттығу Олимпиада резервін даярлау орталығында және «Қуат» спорт кешенінде өтеді. Спорт кешенінде еден тақтай болған соң сырғып тұрады. Ол жер жеңіл атлеттерге ыңғайсыз. Күн жылы болса Олимпиада резервін даярлау орталығындағы жүгіру алаңына келемін. Күн салқын кезде кешен ішінде жаттығамыз. Негізі жеңіл атлетика спортшылары үшін жабық манеж керек. Сол кезде үздік нәтижеге қол жеткізуге болады. Ал қазіргі кезде қыста жиі демалыс болады. Сонымен бірге арнайы жаттығу залы да қажет. Әзірге шағын ғана жаттығу залында шынығамыз. Халықарылық жарыстарда үздік нәтижеге қол жеткізуге осы екеуі кедергі болып тұр. Ересектер мен жастар арасында қазір 15 шақты спортшы бар, — деді ол.
Бірізділік болмаған соң спортшының қайта қалыпқа келуі, жылдамдықты арттыруы қиынға түсіп тұр. Ал оның арманы — Сурдлимпиада чемпионы атану.
— 2029 жылы Грекияда Сурдлимпиада ойындары өтеді. Сол жарысқа қатысып, жүлдеге ие болсам деймін. Өзім Қазақстан құрамасының мүшесімін. Біз көбіне Алматы қаласында жаттығамыз. Кейде Бішкекке барамыз. Құраманың бас бапкері Өскемен және Алматы қалаларында. Қазіргі кезде Қазақстан бойынша үздік нәтиже көрсетіп жүрмін. 200, 400 метр қашықтыққа жүгіруден алдыма жан салмаймын, бәсекелес болар ешкім жоқ. Әлем бойынша Жапония, Польша, Колумбия, Швеция, Оңтүстік Кореяда мықты споршылар бар, — деді ол.
Ол шетелдіктерді ғана өз бәсекелесі санайды. Даниил Щелоков қазіргі кезде 200 метрді 22.50 сек, 400 метрді 49.60 секундта еңсеріп жүр. Спортшы 200 метрді 21секундта, ал 400 метрді 47 секундта жүрігіп өтуді жоспарлап қойған. Бұл Сурдлимпиада жеңімпаздарының көрсеткіші.
Айта кетейік, Даниил Щелоков Ақтөбе облыстық арнайы мектебін бітірген соң колледжге оқуға түсті. Мамандығы — дене тәрбиесі пәні мұғалімі. Болашақта жаттықтырушы болуы да мүмкін. Кәсіби маман осы бағытты таңдаған ізбасарларына бірнеше кеңес те берді. Спортшы жүгірмес бұрын алдымен техниканы меңгеруі тиіс. Жаттығуға аса үлкен жауапкершілікпен қарап, өзіне сай бәсекелес табуы керек. Бұл спортшыны шыңдай түседі. Жүгіретін адам бұлшық етті шымыр ету үшін түрлі дене жаттығуын да жасайды. Әр спортшының бағытына сай жеке жаттығу таңдалады.
— Жаттығу жолағы әлемнің бәрінде бірдей. Тек шетелге шыққанда ол жақтың ауасы өзге болады. Жеңіл атлетке оның да әсері бар. Бастысы жарақат алып қалмау керек. Жарақат алса бірнеше ай ем қабылдауға тура келеді. Мәселен өзім былтыр қазан айында жарақат алып, алты айдан кейін ғана қалпыма келдім. Жаттығуды бірден бастауға болмайды. Өңірде мен секілді Қуаныш, Қазбек, Ерлан есімді спортшылар бар. Біз бір-бірімізбен бәсекеге түсе аламыз, — деді ол.
Даниил Щелоковтың ата-анасы Қандыағаш қаласында тұрады. Отбасында төрт баланың ең үлкені және өзі ғана кәсіби спортпен шұғылданады.
Айта кетейік, сәуір айында Астанада сурдо футзалдан үздіктер анықталғанын жазған едік.