Қазақстанда 2014 жылға қарай халыққа барлық әлеуметтік маңызы зор қызметтер электрондық түрде көрсетілетін болады - Елбасы
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қазақстанда «электронды үкімет» жобасы белсенді жүзеге асырылу сатысында тұр. Оның базалық инфрақұрылымы мен компоненттері құрылып, жұмыс істеп жатыр. Электронды қызметтердің санын ұлғайту және сапасын арттыру жөніндегі жұмыстар жүргізілуде. Осы бағытты жүзеге асырудың нәтижесінде Қазақстанда 2014 жылға қарай орталық және жергілікті атқарушы органдар халыққа бүкіл әлеуметтік маңызы зор қызметтерді электронды түрде көрсететін болады. Қазақстан азаматтарының 70 пайыздан астамы интернетті белсенді пайдаланушылар атанады», деді саммитте Н. Назарбаев.
Елбасы «электрондық үкіметтен» бастап мобильді сервистерге дейінгі электрондық қызмет көрсетудегі серпін «Интеллектуалды ұлт - 2020» жобасының екінші басымдығы болып табылатынын айтты. «Елімізде ақпараттық комуникациялық инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары жүргізілуде, кең жолақты, соның ішінде «Три-Джи» атты үшінші буынның технологиясын қолдану жолымен интернет таратылып жатыр. Қазақстандық байланыс операторлары еліміздің бүкіл аумағы бойынша «Три-Джиді» енгізу үшін қажетті жиіліктің барлық желісін бөлуде», деді Н. Назарбаев.