Қазақстанда 2030 жылға дейін 1,6 миллион маман қажет болады – Еңбек министрлігі
АСТАНА. KAZINFORM – 2030 жылға дейін елімізге 1,6 млн маман қажет болады. Оның 403 мыңы жұмысшы мамандар. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Kazinform агенттігінің ресми сауалына берген жауабында хабарлады.

– 2024 жылғы сәуірде Министрлік 2025-2030 жылдарға орта мерзімді кезеңге экономиканың кадрларға болжамды қажетілігін қалыптастырды. Оның нәтижелеріне сәйкес, алдағы 6 жылда кадрларға жиынтық сұраныс 1,6 млн адам санында бағаланып отыр. Оның ішінде 900 мыңға жуық адам кәсіптік-техникалық білімі бар қызметкерлерге келеді, олардың 400 мыңнан астамы – жұмысшы мамандықтар, - дейді министрлік өкілдері.
Ал биыл Қазақстанға 64 мың жұмысшы маман қажет екені хабарланды.
– Жұмысшы мамандықтарға қажеттілік былай бөлінеді: 2025 жылы – 63,8 мың адам, 2026 жылы – 65,7 мың адам, 2027 жылы – 67,9 мың адам, 2028 жылы – 66,8 мың адам, 2029 жылы – 67,5 мың адам, ал 2030 жылы сұраныс 71,4 мың адамға дейін өседі, - дейді жауаптылар.
Жұмысшы кадрлар әсіресе құрылыс, ауыл шаруашылығы, өңдеуші өнеркәсіп және денсаулық сақтау салаларында барынша сұранысқа ие. Бұл салалардағы сұраныстың 56%-ы аталған қызметкерлерге бағытталған.
– Құрылыста барынша жоғары сұранысқа келесі кәсіптер ие: сылақшылар (9 758 адам), құрылыс бригадаларының прорабтары (9 477 адам), дәнекерлеушілер (7 229 адам). Ауыл шаруашылығы саласында сұраныс фермерлерге (10 695 адам), тракторшылар (7 141 адам), ірі қара мал өсіру жұмысшыларына (4 940 адам) келеді. Өңдеуші өнеркәсіпте дәнекерлеушілер (3 342 адам), тігіншілер мен киім жөндеушілер (2 606 адам), өнеркәсіптік құрал слесарьлері (2 367 адам), сантехниктер мен құбыр тартушылар (2 051 адам) қажет. Денсаулық сақтауда сұраныс орта медперсоналдарға (24 614 адам), жедел жәрдем жүргізушілеріне (4 604 адам), фельдшерлерге (4 536 адам) келеді, - дейді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.
Айта кетейік, бұған дейін оқушылар мен студенттерге мамандық таңдауға көмектесетін жаңа платформалар іске қосылғанын хабарлаған едік.