Қазақстанда 30 млн гектарға жуық жер тозған – Топырақты қорғау туралы заң әзірленді
АСТАНА. KAZINFORM – Мәжілістің Аграрлық мәселелер жөніндегі комитетінде «Топырақты қорғау туралы» депутаттық заң жобасы және оған ілеспе түзетулер таныстырылды.

ҚР АШМ Жерге орналастыру жұмыстары жөніндегі мемлекеттік институтының мәліметінше, бүгінде елімізде 29,9 миллион гектар жер тозған. Ықтимал топырақ құнарлылығы 17%-ға төмендеген, ал суармалы жерлердегі сортаңды жерлер 35-37%-ға артқан. Соның салдарынан ауыл шаруашылығы өнімін өндіру азайған.
− Өткен жылы «Жайылымдар туралы» заңға жайылымдардың тозу процестерінің алдын алуға, олардың жағдайын түбегейлі жақсартуға бағытталған, топырақты қорғау мәселелеріне және жасыл экономика негіздеріне тікелей қатысты нормалар енгізілді. Дегенмен, қазір егістік алқаптарының тозуы, олардың қарашірігінің азаюы қайтымсыз қарқын алуда, − деді Мәжіліс депутаты, жұмыс тобының жетекшісі Нұржан Әшімбетов.
Айта кетерлігі, Жер және Экологиялық кодекстерде топырақты қорғау саласындағы қатынастарды реттейтін нормалар жалпы сипатта болады, онда топырақты қорғаудың құқықтық тетіктері мен шаралары жоқ.
− Қолданыстағы Жер кодексінде топырақ болып саналатын қоршаған орта объектілеріне (6-баптың 2-тармағы) қатысты арнайы заңнамалар қабылдау көзделген.Топырақты қорғауды құқықтық реттеу мен басқаруға кешенді көзқарастың болмауы топырақтың одан әрі деградациялану, биологиялық өнімділіктің төмендеуі және олардың экономикалық және экологиялық міндеттерін орындамау қаупін тудырады. Осыған байланысты жоғарыда аталған заң жобалары әзірленді, − деп түсіндірді Н.Әшімбетов.
Негізгі заң жобасының ережелері топырақ ресурстарын ұтымды пайдалану, оларды жасылдандыру, жердің нысаналы мақсаты мен топырақ қасиеттеріне байланысты құқықтық режимге сараланған көзқарас, минералды тыңайтқыштар мен пестицидтерді пайдалануды барынша азайту, сондай-ақ топырақты экожүйенің бөлігі ретінде тану қағидаттарына негізделген.
Бұған дейін Ақтөбе экологтары топырақ пен өзен суының сынамаларын алып, ластаушы заттарды анықтаған еді.