Қазақстанда 5 орман өрті тіркелді: қай өңірлерде жағдай күрделі
АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін еліміздің мемлекеттік орман қоры аумағында 5 өрт оқиғасы тіркелді. Өрт ошақтары Ақмола, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан облыстарында және Тарбағатай мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде анықталды. Бұл туралы Экология министрлігі мәлім етті.
Өңірлер бойынша:
- Ақмола облысы – 1 өрт;
- Қарағанды облысы – 1 өрт;
- Солтүстік Қазақстан облысы – 2 өрт;
- Тарбағатай мемлекеттік ұлттық табиғи паркі – 1 өрт.
Орман алқаптарындағы өрт жағдайы әуе және жерүсті патрульдеу арқылы тұрақты бақылауда. Өрт ошақтарын жедел оқшаулау және сөндіру үшін қажетті күштер мен техника жұмылдырылған.
Қазіргі уақытта өртті сөндіру жұмыстарына мемлекеттік орман күзеті мен Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері тартылған. Сондай-ақ су төгу құрылғысымен жабдықталған «Қазавиаорманқорғау» тікұшағы пайдаланылып жатыр.
Азаматтарға өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтап, отты қараусыз қалдырмау қажеттігі ескертілді.
Айта кетейік, бұған дейін Павлодар облысында жыл басынан бері 137 табиғи өрт тіркелген еді.