Павлодар облысында жыл басынан бері 137 табиғи өрт тіркелді
АСТАНА. KAZINFORM - Павлодар облысында жыл басынан бері 137 табиғи өрт тіркеліп, 1808 гектардан астам аумақ отқа оранды. Өрттердің 134-і орман алқаптарында, үшеуі далалы жерлерде болған.
Өңірлік төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, өртенген аумақтың 1465 гектары – далалы жерлер, 343 гектардан астамы орман алқаптары.
-Келтірілген жалпы залал 12,8 млн теңгеден асты. Материалдық шығын орман өрттеріне қатысты болып отыр. Өткен жылдың сәйкес кезеңінде өңірде 99 табиғи өрт тіркелген. Оның барлығында орманды жерлер күйікке шалынған, – деп хабарлады департаменттен.
Биыл орман өрттері негізінен «Ертіс орманы» мемлекеттік орман табиғи резерваты мен Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумақтарында тіркелген. Табиғи өрттерді сөндіруге 118 адам мен 36 бірлік техника жұмылдырылған.
Сонымен қатар департамент мәліметінше, өңірдегі өрт сөндіру бөлімшелерінде бос лауазымдардың үлесі шамамен 7 пайызды құрайды. Мемлекеттік нормативтерге сәйкес, облыста қосымша кемінде 11 өрт сөндіру депосын салу қажет.
Еске сала кетейік, биыл қыркүйек айында Баянауыл ұлттық паркінде 480 гектар жер жанып кетті.