Қазақстанда әкелердің бала тәрбиесіне қатысуы неге төмен
АСТАНА. KAZINFORM – Елімізде әкелердің бала тәрбиесіне белсенді қатысуын арттыру қажет. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрлігі Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Қайрат Камбаров Отбасы күніне арналған «Дәуірлер тоғысындағы отбасы» дөңгелек үстелінде мәлімдеді.
Оның айтуынша, Қазақстандағы әкелер институтына жүргізілген зерттеу көптеген отбасында әкенің бала тәрбиесіне жеткілікті деңгейде араласпауы өзекті мәселе болып отқанын көрсетті.
– Әйелдердің 52,2 пайызы және ерлердің 47,2 пайызы әкенің бала тәрбиесіне жеткіліксіз қатысуын өзекті мәселе деп санайды. Ерлердің 54,9 пайызы балаға материалдық жағдай жасауды оның тәрбиесіне қатысудан маңыздырақ деп есептейді. Ал 60,4 пайызы бала тәрбиесіне уақыттың жетіспейтінін айтқан, – деді Қайрат Камбаров.
Комитет төрағасының сөзінше, отбасылық тәжірибемен қатар, ата-аналарға құқықтық, психологиялық және педагогикалық білімнің қолжетімділігін қамтамасыз ету қажет.
Зерттеу нәтижесі қазақстандықтардың жартысына жуығы отбасылық өмірде өз ата-анасының үлгісіне сүйенетінін де көрсетті. Мұндай ұстанымды ерлердің 51,9 пайызы және әйелдердің 49,7 пайызы атап өткен.
Бұған дейін жүргізілген зерттеулерге сәйкес, Қазақстан жастарының 80,1 пайызы отбасы құндылықтарын өміріндегі басты қағидалардың бірі деп санайды.
Еске салайық, елімізде 7-13 қыркүйек аралығында өтетін Отбасы күніне арналған апталық басталды.