Қазақстанда алдымен қай пойыздарға интернет қосылады
АСТАНА. KAZINFORM – «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы жолаушылар пойыздарын интернетпен кезең-кезеңімен қамтып жатыр. Бұл туралы Үкіметтегі брифингте «ҚТЖ» АҚ басқарма төрағасының стратегия және цифрландыру жөніндегі орынбасары Әнуар Ахметжанов мәлімдеді.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта жолаушылардың интернетке деген сұранысы жоғары. Компания бұл қажеттілікті ескеріп, тиісті жобаларды іске асыруға кіріскен.
Өткен жылы төмен орбиталы спутниктік жүйелер – OneWeb пен Starlink технологияларын пайдаланып, екі пилоттық жоба жүргізілген. Олар Астана – Маңғыстау және Астана – Шымкент бағыттарындағы пойыздарда сынақтан өткен.
— Бүгінде біз Үкіметтің, «ҚТЖ» басшылығының және Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жолаушылар пойыздарын интернетпен қамтудың ауқымды жұмысын бастап кеттік. Әзірге әңгіме тек ұлттық тасымалдаушының жолаушылар пойыздары туралы болып отыр. Қазірдің өзінде «Нұрлы жол» – Семей бағыты толық интернетпен қамтамасыз етілді. Сонымен қатар Алматы – Павлодар (31/32-пойыздар), Павлодар – Түркістан (45/46-пойыздар), «Нұрлы жол» – Атырау (47/48-пойыздар) бағыттарында және басқа да бірқатар пойыздарда терминалдар орнатылып жатыр, — деді ол.
Компания мәліметінше, алдымен интернет жолаушылар ағыны көп бағыттарға қосылуда. Жоспар бойынша, жаздың соңына дейін негізгі бағыттар толықтай спутниктік интернетпен қамтылмақ.
Айта кетейік, бұған дейін елімізде вокзалдарды жаңғыртуға 100 млрд теңге жұмсалатыны хабарланған еді.