Қазақстанда әлемдік деңгейдегі мансапқа қалай жетуге болады
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанның мұнай-газ саласы жас мамандарға ел ішінде халықаралық деңгейде мансап құруына мүмкіндік беріп отыр. Бұл туралы «Теңізшевройл» компаниясының Теңіз кен орнындағы екінші буын зауыттарын пайдалану және шикі газды айдау тобының кеңесшісі Арайлым Әлиханова мәлім етті.
Агенттігімізге берген сұхбатында ол механикалық жабдықтарды жобалау инженерінен бастап операциялық кеңесшіге дейінгі кәсіби жолы туралы әңгімеледі.
— Қазақстан жас мамандарға мансаптық өсуіне, үлкен жауапкершілік алуына және халықаралық деңгейдегі жобалармен жұмыс істеу үшін жеткілікті мүмкіндіктер ұсынып жатыр ма?
- Өз тәжірибеме сүйене отырып, Қазақстан жас мамандардың өсуіне, үлкен жауапкершілік жүктелетін міндеттерді атқаруға және халықаралық деңгейдегі жобаларға қатысуға мүмкіндік береді деп сеніммен айта аламын. Менің жеке мансабым – соның айқын дәлелі. Өз мансабымды механикалық жабдықтарды жобалау инженері ретінде бастап, негізінен техникалық жобалау мен инженерлік шешімдерге ден қойдым. Уақыт өте келе маған әлдеқайда ауқымды салаларда жұмыс істеуге мүмкіндік берілді. Техникалық қызмет көрсетуде тәжірибе жинақтадым және бизнес тиімділігі саласында жұмыс істедім. Онда операциялық шешімдер мен бизнес нәтижелері арасындағы өзара байланысты түсіндім. Күрделі процестерді үйлестіру бағытын меңгердім.
Қазіргі уақытта операциялар бойынша кеңесші болып жұмыс істеп келемін. Бұл ретте операцияларға, сенімділікке, технологиядық процестердің қауіпсіздігіне және бизнес жоспарлауға қатысты стратегиялық бастамаларға қолдау көрсетемін.
Болашақ көшбасшыларды даярлауға шынайы мән беретін компанияда жұмыс істеу - үлкен жетістік. Мансап жолымда көшбасшылық әлеуеті бар қызметкер ретінде танылдым және әрбір жаңа тағайындау маған түрлі құзыреттерді жетілдіруге көмектесті.
Бұл процестің саналы түрде жүргізілуі өте маңызды. Компания маған жаңа лауазымдар ұсынып қана қоймай, жаңа тәжірибені меңгеруге жағдай жасады. Әрбір лауазым бизнеске жаңа қырынан қарауға жол ашты. Бұл тұрғыда активтердің қалай жобаланатынын, техникалық қызмет көрсету мен пайдалану қалай іске асатынын, күрделі жөндеулердің қалай жүргізілетінін, тиімділік қалай бағаланатынын және стратегиялық шешімдердің қалай қабылданатынын түсіндім. Тәжірибе жинақтаудың бұл үйлесімді жолы мен үшін өте маңызды. Мұндай құзыреттерді тек оқулықтан үйрену мүмкін емес.
Сондықтан Қазақстанда ізденіммпаз мамандар үшін ерекше мүмкіндіктер жасалғанына кәміл сенімін. TCO, NCOC және KPO сияқты компаниялар жаһандық маңызы бар активтерді басқарады және жергілікті мамандардың әлеуетін арттыруға, оларға басшылық қызметтерді атқаруға мүмкіндік беруге баса назар аударады.
Қазақстандағы жас мамандар миллиардтаған долларлық жобаларға қатысуға, халықаралық сарапшылармен бірлесе жұмыс істеуге және әлемдік жоғары стандарттарға сай келетін мансап құруға мүмкіндік алады. Сондықтан Қазақстанды жай ғана жұмыс орным емес, әлемдік деңгейдегі мансабымды қалыптастырған мекен деп жиі айтамын.
Бүгінде Қазақстанның ең үлкен артықшылығына тоқталсақ, бұл саланың дамуы жалғасып келеді. Мұнда тек қолда бар активтерді пайдалану ғана емес, сонымен қатар жаңғырту, цифрландыру, сенімділікті арттыру, декарбонизация және жаңа буын мамандарын даярлау арқылы саланың болашағын қалыптастыру мүмкіндіктері де бар. Жас мамандар саланың дамуына елеулі үлес қоса алады.
- Шетелде мансап құруды ойластырып жүрген жастарға не айтар едіңіз? Оларды елде қандай мүмкіндіктер күтіп тұр? Қазақстаннан кетпей-ақ, халықаралық деңгейдегі мансапқа қол жеткізуге бола ма?
- Қазақстан көптеген жас маман тиісті деңгейде бағалай алмай жүрген мүмкіндікті ұсынатынын айтар едім. Ол – қарқынды өзгерістерге толы елмен және саламен бірге даму мүмкіндігі.
Табысты мансап туралы сөз еткенде, көбінесе кәсіби даму жолына емес, географиялық орналасуға баса назар аударамыз. Менің байқауымша, ең қызықты мүмкіндіктер көбінесе өзгерістер орын алып жатқан, салалар жаңғыртылып, жаңа буын көшбасшыларына болашақты қалыптастыруға мүмкіндік туатын жерлерде пайда болады. Бүгінде Қазақстан – дәл сондай мемлекет.
Қазақстанда жұмыс істеп жатқан халықаралық компаниялар жаһандық стандарттарды жергілікті деңгейде қолданып келеді. Сонымен қатар олар жергілікті мамандарға күрделі бастамаларды басқаруды, стратегиялық міндеттерді шешуді және бизнестің дамуын қалыптастыруды сеніп тапсыруда. Бұл жас мамандарға әлемнің кез келген жерінде сұранысқа ие құзыреттерді дамытуға және тәжірибе жинауға мүмкіндік береді.
Жас қазақстандықтарға жаһандық деңгейде ойлануға және өз мүмкіндіктерін географиялық шекаралармен шектемеуге кеңес берер едім. Әлемнің үздік тәжірибесін үйреніңіздер. Білім алып, халықаралық жобаларға қатысып, әртүрлі тәсілдерді меңгеру арқылы тәжірибе жинақтаңыздар. Әртүрлі мәдениет өкілдерімен байланыс орнатыңыздар. Сонымен қатар, елімізде қолжетімді артықшылықтарды да бағалай біліңіздер.
Біз Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан әлемдік деңгейдегі жобаларға, озық технологияларға, халықаралық командалар мен тәжірибеге қол жеткізе аламыз. Өз елімізден шықпай-ақ халықаралық тәжірибе жинақтай аламыз.
Қазақстанның басты бәсекелестік артықшылығы – оның халқы. Жыл сайын өзіне сенімді, білікті, цифрлық технологияларды жетік меңгерген және ел дамуына үлес қосуға ұмтылған жас мамандардың көбейіп келе жатқанын көремін. Олар жергілікті ерекшеліктерді терең түсіне отырып, жаңашыл идеялар мен жаһандық көзқарасты алып келеді. Мұндай үйлесім зор әлеуетке ие.
Ең құнды тұсы – сіздің кәсіби табысыңыздың тек өзіңізге ғана емес, басқаларға да пайдасын тигізетіндігінде шығар. Дарынды мамандар өзін жетілдіріп, тәжірибесін осында қолданған кезде, олар ұйымдарды нығайтуға, болашақ көшбасшыларды қалыптастыруға және Қазақстанның ұзақ мерзімді дамуына үлес қосады. Кәсіби жетістіктеріңіздің өз еліңіздің дамуымен тығыз байланысты екенін түсіну - өте маңызды.
Осы тұста айтарым, Қазақстанға жай ғана бір өтпелі кезең ретінде қарамаңыз. Біздің елге әлеммен байланыстыратын, әлемдік деңгейдегі міндеттерді шешуге және халықаралық стандарттарға сай мансап құруға мүмкіндік беретін негізгі алаң ретінде қараңыз. Елімізде осындай мүмкіндіктер жетерлік.
– Сұхбатыңыз үшін рахмет!