Қазақстанда алғаш рет ТМД елдері арасында ИАТА авиациялық күні өтеді
АСТАНА. 10 қыркүйек. ҚазАқпарат - Қазақстанда алғаш рет ТМД елдері арасында IATA Aviation Day - ИАТА авиациялық күні өтеді.
Іс-шара Әуе көлігінің халықаралық қауымдастығы (ИАТА) мен ҚР Көлік және коммуникация министрлігінің қолдауымен 2012 жылғы 13 қыркүейкте Астана қаласында өтеді.
ИАТА - әлем бойынша 101 өкілдігі бар халықаралық үкіметтік емес ұйым. Ұшулардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы авиакәсіпорындардың қызметін үйлестіріп, әуе саласының тарифтік саясатын мақұлдап, сонымен қатар ИКАО-мен бірлесіп халықаралық стандарттарды әзірлейді. Қазіргі кезде әлемнің 229 авиакәсіпорны ИАТА мүшесі болып табылады. Қазақстан атынан енген өкіл - «Эйр Астана» АҚ.
Авиация күні аясында «Қауіпсіз және тиімді әуе көлігі - Орталық Азиялық және кавказдық аймақтың тұрақты дамудағы басты фактор» тақырыбында халықаралық конференция өтеді. Күн тәртібінде - ТМД-дағы ұшулар қауіпсіздігінің қазіргі ахуалы. Конференция тақырыбы бойынша басты баяндаушы - ИАТА-ның бас директоры Тони Тайлер.
БАҚ өкілдері үшін Көлік және коммуникация вице-министрі Асқар Жұмағалиевтің, ИАТА-ның бас директоры Тони Тайлердің және «Эйр Астана» АҚ президенті Питер Фостердің қатысуымен баспасөз конференциясы өтеді.