Қазақстанда алғаш рет үштік айқас бүйрек трансплантациясы жасалды
АСТАНА. KAZINFORM — Отандық медицина тарихында тұңғыш А. Н. Сызғанов атындағы ұлттық ғылыми хирургия орталығы базасында профессор Болатбек Баймахановтың жетекшілігімен трансплантолог дәрігерлер командасы бүйректі үштік айқас трансплантация жасады.

— Бір күнде 12 сағат бойы медициналық көрсетілімдер бойынша туыс емес пациенттер арасында үш донорлық операция және үш бүйректі трансплантация жүргізілді. Айқас донорлық әдісінің арқасында олардың әрқайсысы жаңа өмірге мүмкіндік алды. Бүйректі айқас трансплантациялау бір уақытта бірнеше ағзаны ауыстыруға мүмкіндік береді және туыс емес донорлар мен реципиенттердің арасында жүргізілді. Басқаша айтқанда, туысқан донор жақын адамына қан немесе тіндік үйлесімсіздікке байланысты көмектесе алмаса, дәрігерлер ұқсас жағдайы бар басқа отбасын табады. Егер жұптар бір-біріне сәйкес келсе, айырбас жасалады және ота жасау мүмкін болады, — деп хабарлайды Денсаулық сақтау министрлігі.
Ақпаратта айтылғандай, Қазақстан бүйрек трансплантациясы бойынша жоғары технологиялық араласу жүргізіліп жатқан әлемнің алты елдің қатарына кірді. АҚШ, Ұлыбритания, Израиль, Түркия және Үндістанмен қатар біздің еліміз трансплантологияның дамуының жоғары деңгейін көрсетеді. Әлемде 7 донор мен 7 реципиент қатысқан ең үлкен бүйректі ауыстыру 2019 жылы Түркияда жасалға.
— Бұл тәжірибе — қазақстандық трансплантологияны дамытуда маңызды. 2022 жылы «University medical center» корпоративтік қорында (Астана) алғаш балаларға бүйректі трансплантация жасалды. Бір сәтте 4 залда ота жасалды, ал донорлар жас пациенттердің аналары болды. 2024 жылы А. Н. Сызғанов атындағы ҰҒХО-да профессор Баймахановтың жетекшілігімен алғаш рет ересек пациенттерге бүйректі трансплантация жүргізілді. Сәтті жүргізілген операциялардан бастап бағдарламаға қатысатын жұптардың саны жыл сайын артып келеді. Енді ел тарихындағы алғашқы үштік операция жасалды, — делінген хабарламада.
Осылайша ведомство бүгінде елімізде донорлық ағзалардың жетіспеушілігі кезінде барлық заманауи баламалар, яғни альтруистік донорлық, АВО-үйлесімсіз және бүйректі айқас трансплантация жасау енгізілгенін хабарлап отыр.

— Бүйректі трансплантациялаудың қажеттілігі және гемодиализдегі пациенттердің көбеюі жағдайында айқас донорлық бағдарламасын кеңейту пациенттердің өмірін сақтап қалу мен ұлттық трансплантологияны дамытудағы маңызды қадам, — дейді министрліктен.
Айта кетсек, наурыз айында Шымкентте бір аптада екі бүйрек трансплантациясы жасалды.
Жыл басында Қазақстанда трансплантация жасалатын органға арналған аппарат сынақтан өтіп жатқаны туралы хабарлаған едік.
Еске салайық, елімізде орта есеппен алғанда 1 миллион адамға кемінде 10 трансплантация қажет. Осы орайда медицина ғылымының докторы Юрий Пя трансплантация тек медицина мәселесі емес, қоғамның ортақ проблемасы екенін мәлім етті.