Қазақстанда асыраушысынан айырылған әр отбасына қанша жәрдемақы төленеді
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстандықтарға жыл басынан бері мүгедектік және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша жәрдемақы түрінде 69,3 млрд теңгеден астам қаражат төленді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
1 наурыздағы жағдай бойынша қазақстандықтарға мүгедектік және асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақы түрінде 69,3 млрд теңгеден астам қаражат төленді.
Оның ішінде 2022 жылдың ақпан айында республикалық бюджеттен мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы төлеуге 27,3 млрд теңге, асыраушысынан айырылу жағдайына байланысты 7,4 млрд теңге жұмсалды.
2022 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша мүгедектік бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы алушылардың саны 527,4 мың адамды, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша 171,9 мың адамды құрайды.
Мүгедектік және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы мөлшері мүгедектік тобына және себебіне, қайтыс болған (қаза тапқан) асыраушының асырауындағы адамдар санына, сондай-ақ тиісті қаржы жылына арналған «Республикалық бюджет туралы» заңында белгіленетін ең төмен күнкөріс деңгейінің шамасына байланысты болады.
2022 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша мүгедектік жөніндегі мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақының орташа мөлшері - 51 731 теңге, асыраушыдан айырылу жағдайында - 43 268 теңге.