Қазақстанда «Айбын-2026» халықаралық әскери-патриоттық жиыны басталды

АСТАНА. KAZINFORM – Ақмола облысындағы Шоқан Уәлиханов атындағы әскери колледждің «Амандық» оқу полигонында 53 команда бақ сынап жатқан «Айбын-2026» XII халықаралық әскери-патриоттық жастар жиыны басталды. Жарыстар аталған полигон базасында ұйымдастырылып жатыр.

«Айбын-2026» халықаралық әскери-патриоттық жиыны
Фото: Kazinform

Биыл халықаралық мәртебеге ие болған ауқымды жиынға Қазақстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Ресей және Өзбекстаннан келген 1000-ға жуық жас патриот қатысып жатыр. Жарыс алаңында әскери-патриоттық клубтардың тәрбиеленушілері, әскери оқу орындарының курсанттары мен күштік құрылымдардың жас өкілдері түрлі бағыттағы сындарға қатысып, өзара тәжірибе алмасып жатыр.

«Айбын-2026» халықаралық әскери-патриоттық жиыны
Фото: Kazinform

Жиынның ресми ашылуында ҚР Қорғаныс министрінің тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары Асқар Мұстабеков сөз сөйлеп, «Айбын» жобасының маңыздылығына тоқталды.

«Айбын-2026» халықаралық әскери-патриоттық жиыны
Фото: Kazinform

– Халықаралық «Айбын» жиыны – әртүрлі мемлекеттердің жастары арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтатын, отансүйгіштік рухты қалыптастыратын, көшбасшылық қабілеттерді дамытып, әскери дәстүрлерді құрметтеуге тәрбиелейтін бірегей алаң. Бұл жиын әрбір қатысушы үшін жаңа тәжірибе, жаңа таныстықтар мен үлкен жетістіктерге бастайтын маңызды қадам болады деп сенемін, – деді ол.

«Айбын-2026» халықаралық әскери-патриоттық жиыны
Фото: Kazinform

Оның айтуынша, «Айбын» жобасы 2015 жылдан бастау алады және ол «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысының одан әрі дамуына негіз болған.

– «Айбынның» жетістіктерінің бірі – бұл жиындардың «Жас сарбаз» қозғалысының құрылуына серпін беруі. Бұл қозғалыс тұтас бір патриоттар буынын тәрбиеледі, олардың көпшілігі бүгінде еліміздің әскери және азаматтық жоғары оқу орындарында білім алып, Қазақстанның игілігі үшін қызмет етуге дайын, – деді ол.

«Айбын-2026» халықаралық әскери-патриоттық жиыны
Фото: Kazinform

Оның айтуынша, 2023 жылдан бастап жиын халықаралық деңгейге көтерілген.

– Биыл «Айбынға» Әзербайжан, Қырғызстан, Ресей және Өзбекстаннан келген жастар қатысып жатыр. Бұл жастардың патриоттық тәрбиесіне ғана емес, мемлекеттеріміз арасындағы достық қарым-қатынасты нығайтуға да ықпал етеді, – деді министрдің орынбасары.

«Айбын-2026» халықаралық әскери-патриоттық жиыны
Фото: Kazinform

Бүгінгі бағдарлама аясында «Айбын дарыны» зияткерлік ойыны ұйымдастырылды. Сайыс барысында қатысушылар Қазақстан тарихы, әлем тарихы, Конституция негіздері, құқықтық мемлекет қағидаттары және Отан қорғаушылар тақырыбы бойынша білімдерін сынға салды.

Форум бағдарламасына спорттық, зияткерлік, ғылыми-техникалық және мәдени іс-шаралар енгізілген. Негізгі бағыттардың қатарында Smart Sarbaz робототехника байқауы, «Айбын дарыны» зияткерлік ойыны, әскери-қолданбалы жарыстар мен тактикалық сайыстар бар.

«Айбын-2026» халықаралық әскери-патриоттық жиыны
Фото: Kazinform

Сонымен қатар ҚР Қарулы күштері Ұлттық әскери-патриоттық орталығының тәрбие-идеологиялық және әскери-патриоттық жұмыс бөлімінің офицері Еңлік Ержанова байқаудың мазмұны туралы айтты.

– Біз қатысушылардың интеллектісі мен эрудициясын бағалаймыз. Сұрақтар Қазақстан тарихын, әлемдік тарихты, сондай-ақ Конституция мен Отан қорғаушылар тақырыбын қамтиды. Жеңімпаздар кейін тактикалық ойындардың финалдық кезеңінде кездеседі, – деді ол.

«Айбын-2026» халықаралық әскери-патриоттық жиыны
Фото: Kazinform

Одан кейін Smart Sarbaz робототехника жарысы өтіп, қатысушылар дрондар, робототехника және жасанды интеллект бағытындағы жобаларын таныстырды.

Жоба жетекшісі Олжас Самарханов бұл бағыттың маңызына тоқталды.

«Айбын-2026» халықаралық әскери-патриоттық жиыны
Фото: Kazinform

– Бүгінгі жобалар шынымен таңғалдырады. Біз дрондар, робототехника және жасанды интеллект бағыттары бойынша жұмыс істейміз. Мұндай жарыстар жастарға тек физикалық емес, сонымен қатар технологиялық дағдыларды меңгеруге мүмкіндік береді, – деді ол.

Smart Sarbaz алаңында ұсынылған жобалардың бірі – «Әскери жерсерік». Жоба авторы Дильназ Еслямова өз идеясын таныстырды.

«Айбын-2026» халықаралық әскери-патриоттық жиыны
Фото: Kazinform

– Біздің жерсерік әртүрлі әскери техниканы анықтап, ақпаратты штабқа жібереді. Жасанды интеллект көмегімен жүйе танктер мен басқа да техникаларды таниды, – деді ол.

Қорғаныс министрлігінің Спорт комитетінің төрағасы Арман Әбеуов әскери-патриоттық тәрбиенің маңызын атап өтті.

– Әскери-патриоттық тәрбиелеу жастар үшін өте маңызды. Жарыс пен достық арқылы олар болашақта қажет болатын тәжірибе жинайды. Мұнда болашақ сержанттар мен офицерлер бір-бірімен танысып, далалық жағдайларға бейімделеді. Қатысушылар әскери қызметке барынша жақын ортада өмір сүріп, дайындықтан өтеді, – деді ол.

«Айбын-2026» халықаралық әскери-патриоттық жиыны
Фото: Kazinform

Күннің екінші жартысында қатысушылар дене дайындығы бойынша нормативтер тапсырып, әскери-қолданбалы спорт түрлерінен бақ сынады. Ұлдар белтемірге тартылу жаттығуын орындаса, қыздар шалқасынан жатқан қалыпта денені көтеру нормативін тапсырды. Жарыстар барысында жастар төзімділік, күш-қайрат және әскери қызметке қажетті физикалық дайындық деңгейін көрсетті.

Ресейдің «ЮНАРМИЯ» бүкілресейлік әскери-патриоттық қозғалысы бас штабының мүшесі Павел Мамонтов халықаралық жиын туралы пікір білдірді.

«Айбын-2026» халықаралық әскери-патриоттық жиыны
Фото: Kazinform

– Біз халықаралық «Айбын» жиынына үшінші жыл қатарынан қатысып келеміз және ұйымдастыру деңгейінің жыл сайын артып келе жатқанын байқап отырмыз. Бізді әрдайым өте қонақжай қарсы алады, ал мемлекет тарапынан жастарды әскери-патриоттық тәрбиелеуге көрсетіліп отырған көңіл ерекше жоғары бағалауға лайық, – деді ол.

Сонымен қатар ҚР Қарулы күштері Әскери-тарихи музейінің «Ұлы дала мұрасы: ежелгі дәуірден Қазақ хандығына дейінгі сабақтастық» атты көшпелі көрмесі ұйымдастырылды.

Музейдің экскурсия бөлімінің маманы Салтанат Селеубаеваның айтуынша, экспозиция тас дәуірінен бастап Қазақ хандығы кезеңіне дейінгі тарихты қамтиды.

«Айбын-2026» халықаралық әскери-патриоттық жиыны
Фото: Kazinform

– Мұнда тас, қола және темір дәуірлерінің, Түрік қағанатының, Алтын Орданың және Қазақ хандығының жәдігерлері ұсынылған. Экспозицияда Абылай ханның мүсіні ерекше орын алады. Биыл оның туғанына 315 жыл толып отыр, – деді ол.

Халықаралық жиын алдағы күндері де жалғасып, қатысушыларды әскери-тактикалық ойындар, спорттық және зияткерлік сайыстар күтіп тұр.

 

Бұған дейін алты елдің жастары қатысатын «Айбын-2026» XII халықаралық әскери-патриоттық жастар жиынына дайындық барысы туралы жазған болатын.