Қазақстанда балаға берілетін әлеуметтік төлемдер өзгеруі мүмкін бе – депутат жауап берді
АСТАНА. KAZINFORM - Құрылтай депутаты Айсұлу Сүлеймен бала тәрбиелеп отырған отбасыларға көрсетілетін әлеуметтік қолдау, бала күтіміне байланысты төлемдер және оларды қайта қарау мүмкіндігі туралы пікір білдірді.
Депутаттың айтуынша, мемлекет тарапынан отбасыларға көрсетілетін әлеуметтік қолдаудың рөлі зор. Әсіресе бала дүниеге келген кезде отбасының шығыны көбейеді. Сондықтан бала тууға, бала күтіміне, көпбалалы отбасыларға және мүгедектігі бар бала тәрбиелеп отырған ата-аналарға берілетін қолдау маңызды. Алайда Айсұлу Сүлеймен қазіргі төлемдер отбасының барлық шығынын толық жабады деп айту қиын екенін атап өтті.
– Әр отбасының жағдайы әртүрлі. Бір отбасының қажеттілігі бір басқа, ал ерекше күтімді қажет ететін баласы бар отбасының шығыны мүлдем басқа болуы мүмкін. Сондықтан әлеуметтік қолдауды тек төлемнің көлемімен ғана емес, жалпы отбасыға көрсетілетін қолдаудың жиынтығымен бағалау керек. Оның ішінде медициналық көмек, білім беру, балабақшаға қолжетімділік және әлеуметтік қызметтер де бар. Ең бастысы – көмекке шынымен мұқтаж отбасы қажетті қолдауды уақытында алуы, – деді депутат.
Оның пікірінше, бала 1,5 жасқа толғаннан кейін де ата-аналарды қолдаудың қосымша мүмкіндіктерін қарастыру қажет. Өйткені баланың осы жасқа толуымен отбасының шығыны мен қажеттілігі тоқтамайды. Керісінше, ата-ана алдында баланы балабақшаға орналастыру және жұмысқа қайта шығу мәселесі туындайды.
– Егер балабақшада орын болмаса, ата-ананың жұмысқа шығуы да қиындайды. Сондықтан ата-ананы тек ақшалай төлем арқылы емес, балабақша орындарының қолжетімділігі арқылы да қолдау маңызды. Әділет партиясының бағдарламасында да бұл мәселеге көңіл бөлінген. 2028 жылға дейін кемінде 79 мың жаңа балабақша орнын ашу қарастырылған. Меніңше, бұл ата-аналарды қолдаудың нақты бағыттарының бірі. Өйткені балабалабақшаға орналасса, ата-ана жұмысқа қайта шығып, отбасына табыс әкелуге мүмкіндік алады, - деді Айсұлу Сүлеймен.
Депутат бала күтіміне байланысты төленетін 40 пайыздық төлемге де тоқталды. Оның айтуынша, бұл ата-аналар үшін белгілі бір деңгейде қолдау болғанымен, уақыт өте азық-түлік, баланың киімі, дәрі-дәрмек және басқа да қажетті заттардың бағасы өседі. Сондықтан депутат бұл мөлшерлеменің қазіргі өмір сүру жағдайына қаншалықты сәйкес келетінін тұрақты түрде талдап отыру қажет деп есептейді.
– Бірақ мен нақты 40 пайызды міндетті түрде көтеру керек деп бірден айта алмаймын. Себебі мұндай шешім қабылданған кезде оның қанша адамға әсер ететінін, әлеуметтік сақтандыру жүйесіне түсетін жүктемені есептеу қажет. Егер талдау нәтижесінде қазіргі мөлшерлемені қайта қарау қажеттілігі анықталса, онда бұл мәселені қарастыруға болады. Меніңше, ең бастысы, бала тәрбиелеп отырған ата-ананы қолдау мен мемлекеттің қаржылық мүмкіндігінің арасында дұрыс теңгерім болуы, - деді ол.
Айсұлу Сүлеймен әлеуметтік төлемдерді алдағы уақытта халықтың нақты жағдайына қарай қайта қарап отыру маңызды екенін де айтты. Оның сөзінше, бұл ретте мемлекеттің бюджет мүмкіндігін ескеру қажет. Әлеуметтік міндеттемелер тұрақты болуы үшін экономика мен бюджеттің де тұрақтылығы маңызды.
– Мұнда екі мәселені қатар қарау керек. Біріншісі, инфляцияны ескере отырып, әлеуметтік төлемдердің халық үшін маңызын сақтау. Екіншісі, мемлекеттік қолдаудың нақты мұқтаж азаматтарға бағытталуын қамтамасыз ету. Мұндағы мақсат тек төлем санын көбейту емес. Ең бастысы, азамат мемлекеттен тиесілі көмекті уақытында және толық алуы. Сондықтан алдағы уақытта әлеуметтік төлемдерді халықтың нақты жағдайына қарай қайта қарап отыру, қажет болған жағдайда индекстеу және сонымен бірге әлеуметтік қолдаудың атаулылығын күшейту маңызды, - деді депутат.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда ер адамдарға бала күтіміне байланысты демалыс беру тәртібін және бала күтімі кезеңінде әйелдерге көрсетілетін қолдауды өзгерту мәселесі қарастырылып жатқаны хабарланған еді.