Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Қазақстанда балмұздақ өндірісі 47,4% өсті

АСТАНА. KAZINFORM — 2026 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша еліміздің балмұздақ өндірісі тұрақты өсім көрсетті. ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросы мен салалық сарапшылардың дерегінше, өндіріс көлемі 35,1 мың тоннаға жетіп, былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда 47,4% артты.

Қазақстанда балмұздақ өндірісі 47,4% өсті
Коллаж: Kazinform

Ауыл шаруашылығы министрлігінің хабарлауынша, осы кезеңде ішкі нарықтың сыйымдылығы 41,2% өсіп, 31,9 мың тонна болды. Ал импорт көлемі небәрі 7,1% өсіп, 5,1 мың тоннаға жетті. Бұл отандық өндірушілердің нарықтағы үлесінің нығайып келе жатқанын, шетелдік өнімдерге тәуелділіктің азайғанын және импортты алмастыру үдерісінің жалғасып жатқанын көрсетеді.

— Өндіріс көлемінің өсуі экспорт көрсеткіштеріне де тікелей әсер етті. 2026 жылғы қаңтар-мамыр аралығында Қазақстан 8 343 тонна балмұздақ экспорттап, былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда 38,5% жоғары нәтиже көрсетті. Осы уақытта импорт көлемі 5 145 тонна болып, небәрі 7,1% ғана өсті. Осылайша, экспорттың өсу қарқыны импорттан едәуір жоғары болып қалып отыр, ал Қазақстан балмұздақтың нетто-экспорттаушысы ретіндегі мәртебесін сенімді түрде нығайтып жатыр, — делінген хабарламада.

Қазақстандық балмұздақтың негізгі экспорттық нарығы — бұрынғысынша Ресей. Бұл елге 5 748 тонна өнім жөнелтілді, бұл жалпы экспорт көлемінің шамамен 69%-ы және былтырғымен салыстырғанда 39,6% артық.

Екінші ірі бағыт — Қырғызстан. Бұл елге 2019 тонна өнім экспортталып, 46,7%-дық өсім тіркелді. Бұл негізгі экспорттық нарықтар арасындағы ең жоғары көрсеткіш болды.

Өзбекстанға 498 тонна балмұздақ экспортталды. Сонымен қатар Тәжікстанға 53 тонна, Моңғолияға 17 тонна және Әзербайжанға 8 тонна өнім жеткізілді. Сонымен бірге Қытай нарығындағы қатысуды кеңейту жұмыстары жалғасып, қазіргі таңда жеткізілім көлемін ұлғайту үшін қажетті реттеушілік және логистикалық мәселелер шешіліп жатыр.

Экспорттың қарқынды өсуіне қарамастан, импорт құрылымы салыстырмалы түрде тұрақты болып отыр. Қазақстанға балмұздақ жеткізетін негізгі елдер — Ресей 2 250 тонна және Қырғызстан 2 073 тонна, олардың үлесіне жалпы импорт көлемінің 84%-дан астамы тиесілі. Сонымен бірге Беларусьтен жеткізілім 118%-ға, ал Өзбекстаннан 78,9%-ға өсті.

Алайда жекелеген елдерден импорт көлемінің ұлғаюына қарамастан, жалпы импорт өсімі отандық өндіріс қарқынынан айтарлықтай төмен болып қалып отыр. 

Еске салайық, бұған дейін елде 35 мың тоннадан астам балмұздақ өндірілгенін хабарлағанбыз.