Қазақстанда бірқатар қалада ауаның ластану деңгейі жоғары күйде қалып отыр - сенатор

АСТАНА. KAZINFORM – Елімізде экология саласында озық техникаларға көшу процесі басталғанымен, оны іске асыру әрекеті көптеген жүйелік кедергілерге тап болып отыр. Бұл туралы сенатор Әли Бектаев мәлім етті.

али бектаев
Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

- Қазақстан Республикасы экологиялық стандарттар бойынша халықаралық міндеттемелерін орындауға, атап айтқанда, парниктік газдар шығарындыларын қысқартуға және неғұрлым орнықты төмен көміртекті экономикаға көшуге ықпал ететін «Жасыл экономика» моделін ілгерілетуді қолдап, бірқатар шаралар қабылдады. Солардың ішінде, 2021 жылы ҚР Экологиялық кодексі жаңа редакцияда қабылданған болатын. Экологиялық кодексінде ірі кәсіпорындарда ең озық техникаларды енгізу және жасыл инвестицияларды қолдау тәсілдері қарастырылған. Кодексте бұл нормалардың іске асырылуына кезең-кезеңмен арнайы уақыт та берілген. Қазір Қазақстан Республикасында ең озық қолжетімді техниканы енгізуге міндетті І санаттағы 1500-ге жуық кәсіпорын бар. Мәселенің күрделілігі ескеріле отырып, процесс екі кезеңде өтуі көзделген: 2025 жылдан бастап 50 ірі кәсіпорын, ал 2031 жылдан бастап I санаттағы басқа кәсіпорындар өтуі міндеттелген, - деді Ә. Бектаев Сенатта «Жасыл» инвестициялар тарту мен Экологиялық кодекс нормаларының іске асырылуы тақырыбындағы Үкімет сағатында.

Бұл тұрғыда сенатор кодекс нормалары бойынша, аталған озық технологияларды енгізген және кешенді экологиялық рұқсат алған кәсіпорындар төлемдерден босатылатынын еске салды. Ал уақытылы енгізбеген кәсіпорындар үшін салық төлемдерінің жоғарылауы, яғни, әр үш жыл сайын салықтың - 2, 4 және 8 есе ұлғаюы қарастырылған.

- Өкіншке қарай, елімізде озық техникаларға көшу процесі басталғанымен, оны іске асыру әрекеті көптеген жүйелік кедергілерге тап болып отыр. Олардың ішінде, қаржылық, технологиялық, логистикалық, ұйымдастырушылық проблемалар да бар. Қазір Алматы, Атырау, Қарағанды, Теміртау, Шымкент, Өскемен және Балқаш қалаларында атмосфералық ауаның ластану деңгейі жоғары күйінде қалып отыр. Ауаның негізгі ластаушылары - өңдеу өнеркәсібі салалары, электр энергетикасын өндіру кәсіпорындары, сондай-ақ тау-кен өндіру, құрылыс, химия, мұнай-газ өңдеу кәсіпорындары, - деді депутат.

Бұдан бұрын хабарланғандай, келесі жылы Қазақстан өңірлік экологиялық саммит өткізеді.

Соңғы жаңалықтар