Қазақстанда далалық жұмыстарды жүргізуге 950 млн. теңгеден астам несие қаражаты берілді

 АСТАНА. 13 маусым. ҚазАқпарат - "Ауыл шаруашылығын қаржылық қолдау қоры" шаруаларға көктемгі-далалық жұмыстарды жүргізуге 950 млн. теңгеден астам несие берді, деп хабарлады Премьер-Министрдің сайты қордың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қазақстанда далалық жұмыстарды жүргізуге 950 млн. теңгеден астам несие қаражаты берілді

"Ағымдағы жылдың бес жарым айының ішінде "Егінжай" бағдарламасы бойынша 951,9 миллион теңгеге 307 заем берілді. Таяудағы аптада қор 19,9 миллион теңгеге тағы алты заем беруді жоспарлауда", - делінген хабарламада.

Тұтастай алғанда, 2013 жылдың көктемгі-далалық жүмыстарына ауыл шаруашылығын қаржылық қолдау қоры 1,6 миллиард теңге бөлмек.

Баспасөз қызметінің хабарлауынша, АӨК нысандарын ағымдағы жылы қаржыландыру жаңа шарттармен жүзеге асырылады.

Мәселен, заем сомасы 2-ден 6 миллион теңгеге ұлғайды, сыйақы мөлшерлемесі 12-ден 9,5 пайызға төмендеді, сондай-ақ "Егінжай" бағдарламасы бойынша несиелеу шарттарын жасауда ауыл шаруашылығының маусымдық циклы және несиені жиын-теріннің екі өнімін өткізгеннен кейін төлеу мүмкіндігі көзделген. 

Өз кезегінде мақта өсірумен айналысатын ауыл шаруашылығы тауар өндрушілерін несиелеу үшін қор "ҚазАгро" холдингіден заем ретінде тартылған 650 миллион теңге қаражаттарды "Ырыс" шағын несие ұйымы арқылы қаржыландырады.