Қазақстанда дәрігерлерді өңірлердің сұранысына сай даярлайды
АСТАНА. KAZINFORM — Денсаулық сақтау министрлігі медицина мамандарына қажеттілікті есептеп, соған сай жоғары оқу орындарына қанша студент қабылданатынын айқындайтын жаңа қағидалардың жобасын әзірледі.
Жаңа құжатқа сәйкес, медициналық жоғары оқу орындарына бөлінетін орындар өңірлердің нақты қажеттілігіне қарай жоспарланады. Осылайша, қай өңірге қанша дәрігер мен басқа да медицина маманы қажет екені алдын ала есептеліп, соған сай мамандар даярланады.
— Бұл тәсіл денсаулық сақтау жүйесіне қанша маман қажет болатынын дәл болжауға, сұраныс жоғары бағыттарды айқындауға және кадр тапшы өңірлерді қажетті мамандармен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, — делінген министрлік хабарламасында.
Құжаттың негізгі мақсаты — медицина мамандарын даярлауды бірыңғай жүйе арқылы жоспарлау. Соның нәтижесінде жоғары оқу орындары мен медициналық колледждерде дайындалатын түлектер саны денсаулық сақтау саласының нақты сұранысына сәйкес болады.
— Кадрмен қамтамасыз ету медициналық көмектің сапасына тікелей әсер ететін негізгі факторлардың бірі екенін атап өтті. Сондықтан жаңа қағидалар алдағы жылдары елге қанша дәрігер мен орта буын медицина қызметкері қажет болатынын дәлірек болжауға, сондай-ақ әр өңірдің ерекшелігін ескеруге мүмкіндік береді, — делінген министрлік хабарламасында.
Қажеттілікті есептеу кезінде халық саны, сырқаттанушылық деңгейі, медицина қызметкерлерімен қамтылу көрсеткіші, ауруханалар мен емханалар желісінің дамуы және денсаулық сақтау жүйесінің даму болжамы ескеріледі.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда дәрігер-интерннің мәртебесі заңмен бекітілген еді.