Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Қазақстанда демографиялық ахуалды бағалаудың жаңа тәсілдері ұсынылды

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда демографиялық процестерді талдау және болжау жүйесін жетілдіруге арналған жаңа тәсілдер ұсынылды.

ы
Фото: Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі

Астанада ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің ұйымдастыруымен «Тәуекелдерден тұрақтылыққа: Қазақстандағы демографиялық ахуал туралы» тақырыбында «Josparlaý» сараптамалық-диалогтік клубының отырысы өтті.

Іс-шара барысында Демографиялық ахуалды бағалау жөніндегі ұлттық баяндаманың тұжырымдамасы, Өңірлердің демографиялық тұрақтылығы индексінің әдіснамасы және демографиялық процестерді талдаудың заманауи тәсілдері талқыланды.

Отырысты ашқан Агенттік төрағасының орынбасары Олжас Төлеуов «Josparlaý» сараптамалық-диалогтік клубы әлеуметтік-экономикалық саясаттың өзекті мәселелерін кәсіби тұрғыда талқылауға арналған алаң екенін атап өтті.

– Кезекті отырыс демографиялық даму мәселелеріне және осы саладағы мемлекеттік саясатты жетілдіруге арналды. Мұндай сараптамалық талқылаулар ғылыми негізделген шешімдер қабылдау үшін маңызды, – деді Олжас Төлеуов.

Сараптамалық алаң жұмысына Ұлттық статистика бюросы, Дүниежүзілік банк, БҰҰ Халықтың қоныстануы саласындағы қоры (UNFPA), ғылыми-зерттеу орталықтары мен сараптамалық ұйымдардың өкілдері қатысты.

Отырыс барысында Демографиялық процестерді талдау және болжау орталығы қызметінің аралық қорытындылары ұсынылды. Қатысушылар демографиялық процестерді мониторингтеу және болжау жүйесін жетілдіру, зерттеулердің әдіснамалық базасын дамыту мәселелерін қарастырды.

Сондай-ақ Қазақстандағы Демографиялық ахуалды бағалау жөніндегі ұлттық баяндаманы әзірлеуге ерекше назар аударылды. Құжат елдің демографиялық дамуын кешенді бағалауға бағытталған.

– Демографиялық процестерді әлеуметтік-экономикалық, аумақтық және медициналық-әлеуметтік факторлармен өзара байланыста қарастыру маңызды. Бұл халықтың жас құрылымындағы өзгерістерді, туу мен өлім-жітім көрсеткіштерін, көші-қон және басқа да үрдістерді жан-жақты бағалауға мүмкіндік береді, – деп атап өтті сарапшылар.

Кездесуде Дүниежүзілік банкпен бірлесіп әзірленіп жатқан Өңірлердің демографиялық тұрақтылығы индексінің әдіснамасы да таныстырылды.

Аталған индекс өңірлердегі демографиялық процестердің жай-күйін бағалауға, аумақтық теңгерімсіздіктер мен ықтимал тәуекелдерді анықтауға мүмкіндік береді.

Дүниежүзілік банктің жетекші экономисі, индекс әдіснамасының тең авторы Михаил Локшиннің қатысуымен өткен талқылауда көрсеткіштер жүйесін қалыптастыру және индексті тәжірибеде қолдану мәселелері қаралды.

Сонымен қатар қатысушыларға репродуктивтік денсаулық, ана денсаулығын қорғау және демографиялық дамуға әсер ететін факторлар туралы талдамалық баяндама ұсынылды.

Отырыс қорытындысы бойынша айтылған ұсыныстар Демографиялық ахуалды бағалау жөніндегі ұлттық баяндаманы әзірлеу, Өңірлердің демографиялық тұрақтылығы индексін жетілдіру және демографиялық процестерді болжау жүйесін дамыту кезінде ескерілетін болады.

Айта кетейік, Қазақстанда демография бойынша алғашқы Ұлттық баяндама әзірленеді.