Қазақстанда демография бойынша алғашқы Ұлттық баяндама әзірленеді
АСТАНА. KAZINFORM — ҚР СЖРА Ұлттық статистика бюросы демография мәселелері бойынша БҰҰ Халықты қоныстандыру қорымен (ЮНФПА) ынтымақтастықты кеңейтуді жоспарлап отыр, деп хабарлайды ведомствоның баспасөз қызметі.
Бұл бағыттағы өзара іс-қимыл мәселелері Қазақстандағы БҰҰ халықты қоныстандыру қорының елдік директоры Чинве Огбоннамен өткен кездесу барысында талқыланды.
— Тараптар Қазақстандағы демографиялық ахуал жөніндегі Ұлттық баяндаманы әзірлеу аясында бірлескен әлеуметтік зерттеу жүргізу мүмкіндігін қарастырды. Зерттеу нәтижелерін демографиялық жағдайды бағалау жөніндегі алғашқы Ұлттық баяндаманы және өңірлердің демографиялық орнықтылық индексін әзірлеуде пайдалану жоспарланып отыр. Аталған индекс халықтың ұдайы өсу қабілетін, құрылымдық тепе-теңдікті сақтауын және әлеуметтік-экономикалық әрі мәдени өзгерістерге ұзақ мерзімді бейімделу деңгейін көрсетеді, — делінген хабарламада.

Өз кезегінде ЮНФПА демографиялық болжаумен айналысатын Бюро қызметкерлері мен өзге де мемлекеттік органдар өкілдерінен тұратын ұлттық команданы даярлауға қолдау көрсетуге дайын екенін білдірді. Атап айтқанда, демографиялық талдау мен болжауда жасанды интеллект пен үлкен деректерді қолдану бойынша оқыту жүргізу көзделіп отыр. Бұл есептеулердің дәлдігін арттырып, деректермен жұмыс істеуде инновациялық тәсілдерді енгізуге мүмкіндік береді.
Ұлттық статистика бюросының басшысы Мақсат Тұрлыбаев БҰҰ Халықты қоныстандыру қорымен өзара іс-қимылды кеңейту аналитикалық базаны нығайтып, ұзақ мерзімді басқарушылық шешімдер қабылдаудың негізі саналатын демографиялық болжамдардың сапасын арттыратынын атап өтті.
Айта кетейік, Қазақстандағы статистиканың 105 жылдығына арналған форум аясында Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі мен БҰҰ халықты қоныстандыру қоры өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойған болатын. Құжат демографиялық деректер, талдамалық жұмыс және деректерге негізделген саясат қалыптастыру салаларындағы ынтымақтастықты көздейді.
Бұған дейін Ұлттық статистика бюросы Қазақстан халқының нақты санын атаған еді.