Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Қазақстанда егін орағы науқаны басталды

АСТАНА. KAZINFORM — Қазіргі уақытта Алматы, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қостанай, Қызылорда, Солтүстік Қазақстан, Түркістан облыстарының, Жетісу облысы мен Шымкент қаласының ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілері егін орағы науқанына кірісті.

Қазақстанда егін орағы науқаны басталды
Фото: Ауыл шаруашылығы министрлігі

Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда егіс алқаптарының өнімділігі едәуір артқаны байқалады.

Бүгінгі таңда 634 мың тонна дәнді дақыл бастырылды. Орташа өнімділік гектарына 20,6 центнер болып, былтырғы осы  кезеңдегі көрсеткіштен (12,2 ц/га) 1,7 есе жоғары.

— Негізгі ауыл шаруашылығы дақылдары бойынша да оң үрдіс сақталып отыр. Атап айтқанда, бидайдың жалпы түсімі 461,2 мың тоннаға жетіп, орташа өнімділігі — гектарына 19,1 центнер. Былтырғы осы кезеңде бұл көрсеткіш гектарына 13,7 центнер болған, — делінен хабарламада.

Арпа жинау науқаны да жоғары нәтижемен жүргізіліп жатыр. Қазіргі уақытта 157,8 мың тонна арпа жиналды. Орташа өнімділік гектарына 17,0 центнер болып, былтырғы деңгейден (8,7 ц/га) екі есе артты.

Егін орағы науқанын уақтылы әрі сапалы өткізу үшін аграршылар қажетті ауыл шаруашылығы техникасымен толық қамтамасыз етілген. Бүгінде еліміздің ауыл шаруашылығы құрылымдарында 133,9 мың трактор, 5,6 мың жоғары өнімді егіс кешені, 71,4 мың тұқым сепкіш және 188,5 мың топырақ өңдеу техникасы бар.

Сондай-ақ мемлекет тарапынан 401 мың тонна жеңілдетілген дизель отынын бөлу көзделген.

Еске салайық, бұған дейін егінді артық ылғалдан сақтандыруға өтінім қабылдау уақыты ұзартылғанын жазған едік.