Қазақстанда елден шығарылған шетел азаматтарының үлесі 50 пайызға артқан
АСТАНА. KAZINFORM – Биыл 9 айда көші-қон заңнамасын бұзған үшін 70 мыңға жуық шетел азаматы әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 4, 7 млрд теңге көлемінде айыппұл салынды.
- Еліміз шетел азаматтарының қауіпсіз жүріп-тұруына жағдай жасап, көші-қон бақылауын қамтамасыз ету үшін тиісті шара қолданады. Заң бұзылған жағдайда жауапкершілік бар. Статистикаға сүйенсек, биыл 9 айда 306 мың шетел азаматы әкімшілік жауапкершілікке тартылды, олардың 14,1 мыңы елден шығарылды, бұл көрсеткіш 50% өсті. Көші-қон заңнамасын бұзған үшін 70 мыңға жуық шетел азаматы әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 4,7 млрд теңге көлемінде айыппұл салынды, - деді Ішкі істер министрлігі Көші-қон қызметі комитетінің төрағасы Аслан Аталықов Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.
Сондай-ақ Көші-қон комитеті басшысы келтірген мәліметке сәйкес 16 мың шетел азаматының елде жүру мерзімі қысқартылған.
- Тұрақты тұратын шетел азаматтары арасында 3 411 заң бұзу фактісі анықталып, елде тұруға құқық беретін құжаттарының (ықтиярхаттарының) күші жойылды. Шетел жұмыс күшін заңсыз тартқаны үшін 3 мыңнан астам жұмыс беруші жауапкершілікке тартылды, (2024ж. - 2938) оларға 359 млн теңгеге айыппұл салынды, - дейді ол.
Спикердің айтуынша, шетел жұмыс күшін заңсыз тартатын 5 өңір қатарында Алматы, Астана, Шымкент Қарағанды және Түркістан облысы бар.
- Жұмыс күшін бірнеше рет заңсыз пайдаланған жұмыс берушілер қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Бұл бағытта өткен жылы 7 факті тіркелді, биыл 8 тұлға қылмыстық жауапқа тартылып жатыр, - деп қорытындылады ІІМ өкілі.
Бұған дейін қазақстандықтар жұмыс істеуге көбіне қай елдерге баратыны туралы жазған едік.