Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Қазақстанда электрондық сауда операторлары қашан жұмысын бастайды

АСТАНА. KAZINFORM — AliExpress, Temu, iHerb және басқа да шетелдік маркетплейстер арқылы жасалатын трансшекаралық интернет-сатып алуларды ресімдеу тәртібін өзгертетін электрондық сауда операторлары институтын іске қосу кейінге шегерілді.

п
Коллаж: Kazinform

Бұған дейін жаңа ережелер 2026 жылдың екінші жартысында күшіне енеді деп жоспарланған болатын. Алайда оларды іске қосу 2027 жылдың басына шегерілді. Бұл туралы ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің Мемлекеттік кірістер комитеті Кедендік әдіснама басқармасының бас сарапшысы Мархабат Омарова мәлімдеді.

Оның айтуынша, пилоттық жоба Еуразиялық экономикалық одақтың (ЕАЭО) және Қазақстанның электрондық сауда саласындағы жаңа кеден заңнамасы күшіне енген кезде аяқталады.

— Жаңа реттеудің күшіне ену күні әзірше нақты белгіленген жоқ. Болжам бойынша 2027 жылдың басы. Электрондық сауда саласындағы мерзімдердің 2027 жылға шегерілуіне ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің барлығы бірдей ұлттық заңнамаларына тиісті өзгерістер енгізу және ақпараттық жүйелерді әзірлеу жұмыстарын аяқтамағаны себеп болып отыр, — деді ол.

Сарапшы жаңа нормалар күшіне енгеннен кейін электрондық сауда операторлары өз қызметін ресми түрде бастай алатынын атап өтті.

Сонымен қатар Қазақстан заңнамасына қажетті өзгерістердің барлығы қабылданған.

— Қазақстан Республикасының 2026 жылғы 2 шілдедегі № 333-VIII ҚРЗ Заңымен «Қазақстан Республикасындағы кедендік реттеу туралы» Кодекске электрондық сауда саласына қатысты өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Оның ішінде электрондық сауда операторларының тізіліміне енгізілу талаптары айқындалды, — деп түсіндірді Мархабат Омарова.

Жаңа жүйені енгізу үшін өтпелі кезең қарастырылған. Осы уақыт ішінде электрондық сауда тауарларын кедендік ресімдеуді кеден өкілдері жүзеге асыра алады.

— Кеден өкілдері электрондық сауда операторларының тізіліміне алғашқы оператор енгізілген күннен бастап алты ай бойы электрондық сауда тауарларын ресімдей алады. Осы мерзім аяқталғаннан кейін электрондық сауда тауарларын кедендік декларациялау тек электрондық сауда операторлары арқылы жүзеге асырылады, — деп толықтырды Мемлекеттік кірістер комитетінің өкілі.

Бұған дейін Мемлекеттік кірестер комитеті қандай маркетплейстерге жаңа кедендік талап қойылмайтынын айтты.