Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Қазақстанда энергетика саласын жаңғыртуға 6,2 трлн теңге бағытталады

АСТАНА. KAZINFORM – «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 2029 жылға дейін бұл саланы дамытуға 6,2 триллион теңге қарастырылған.

Қазақстанда энергетика саласын жаңғыртуға 6,2 трлн теңге бағытталады
Фото: МЭКС

29 шілдеде Қазақстан Электр энергетикасы қауымдастығының алаңында жиын өтті. Оған ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу комитетінің өкілдері мен еліміздің аймақтарынан келген энергетика мекемелерінің басшылары мен мамандары қатысты.

Жиынға қатысушылар энергетикадағы жобалар қайдан қаржыландырылады, өтінімдер қалай қаралады және ақша алу үшін кәсіпорындар қандай талаптарды орындауы керек деген сұрақтарды талқылады. Жалпы алғанда, «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 2029 жылға дейін бұл саланы дамытуға 6,2 триллион теңге қарастырылған.

Табиғи монополияларды реттеу комитетінің атынан Стратегиялық талдау және халықаралық интеграция басқармасының басшысы Саягүл Өмірзақова сөз сөйледі. Ол қатысушыларға жобаларды қаржыландыру тәртібін, пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялау тетіктерін және қаржы ұйымдарымен қалай жұмыс істеу керектігін түсіндірді.

Жүйені жаңартуға ақшаны Қазақстан Даму Банкі, екінші деңгейлі банктер, халықаралық қаржы ұйымдары, бюджеттік несиелер мен жеке инвестициялар арқылы тартуға болады. Ал осы Ұлттық жобаның қаржылық операторы болып «Бәйтерек» холдингі белгіленген.

Жиында алынатын несие ақшаның құны мен оның халық төлейтін тарифке қалай әсер ететініне ерекше назар аударылды. Тұтынушылардың қалтасына салмақ түспес үшін несие пайыздарын субсидиялау, яғни арзандату қарастырылған. Сонымен қатар бюджет ақшасы мен нарықтағы несиелерді біріктіру арқылы өңірлердегі жобалардың жылдық қаржыландыру мөлшерлемесін 19 пайыздық деңгейден 13 пайызға дейін төмендетуге мүмкіндік туып отыр.

Табиғи монополияларды реттеу комитетінің мәліметінше, 2026 жылы «Бәйтерек» холдингі табиғи монополия субъектілерінің 625 миллиард теңге болатын 318 жобасын қарап, мақұлдады. Бұл қаражат Қазақстан Даму Банкі, екінші деңгейлі банктер, халықаралық қаржы ұйымдары және әкімдіктердің бағалы қағаздарын сатып алу тетігі арқылы тартылып отыр.

Сондай-ақ жиынға қатысушыларға ЭКСЖ электронды платформасының жұмыс істеу тәртібі түсіндірілді. Бұл жүйеде жобаның басынан аяғына дейінгі барлық кезеңі: өтінім беру мен қаржы тартудан бастап, құрылыс-монтаждау жұмыстары мен нысанды пайдалануға бергенге дейінгі процесс ашық көрінеді. Сонымен қатар платформа арқылы жұмыстың орындалу мерзімі, көлемі және бөлінген қаржының орнымен жұмсалуы қатаң бақыланады.

Энергетика мекемелерінің өкілдері құжаттарды дайындау, қарыз алу шарттары, өтінімдердің қаралуы және қаржылық әрі техникалық операторлармен бірлесіп жұмыс істеуге қатысты көкейінде жүрген сұрақтарын қойды. Сонымен қатар, жобаларды мақұлдау және қаражат тарту кезінде туындайтын тәжірибелік мәселелер де талқыланды.

Электрмен жабдықтау саласындағы Ұлттық жоба аясында 15,7 мың шақырымнан астам электр желісін жөндеу жоспарланған. Екі жылдың қорытындысы бойынша желілердің тозу деңгейі орта есеппен 67 пайыздан 62 пайызға дейін төмендеп, апаттар саны 3,9 пайызға, ал электр қуатының шығыны 0,6 пайызға азаяды деп жоспарланып отыр.

Желілерді жаңартудан бөлек, 2029 жылға дейін 27 энергия өндіруші нысанды салу және жаңғырту жоспарланған. Іске қосылатын қуаттың жалпы көлемі 7 309 МВт.

Кездесу соңында ТМРК өкілдері энергетика мекемелерінің құжаттарды дайындау, қаржыландыру шарттары, пайыздық мөлшерлемеларді субсидиялау және өтінімдерді ЭКСЖ электронды платформасы арқылы өткізуге қатысты сұрақтарына жауап берді.

Жиын қорытындысы бойынша Қазақстан Электр энергетикасы қауымдастығы, Комитет және энергетика мекемелері арасында тікелей жедел байланыс арнасын құру туралы келісімге қол жеткізілді. Осы арна арқылы табиғи монополия субъектілері жобаларды іске асыруға қатысты сұрақтарын жолдап, қаржыландыру, құжат дайындау және жобаларды бекіту бойынша жедел жауап ала алады. Осы арна арқылы мекемелер ЭКСЖ ұлттық жобасына қатысты сұрақтарын қойып, қаржы алу, құжат дайындау және жобаларды мақұлдау бойынша жедел кеңес ала алады.

Айта кетелік Қытай инвесторлары Алматы облысындағы энергетикалық жобаларға 4,9 млрд доллар салмақшы.