Қазақстанда газет-журналдар неге өлместің күнін кешіп жүр

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін – Қазақстанда баспасөз күні. 1913 жылы 2 ақпанда «Қазақ» газетінің тұңғыш номері жарыққа шықты. Осы датаға орай, Kazinform тілшісі аймақтардағы мерзімді басылымдардың жай-күйін зерделеп көрді. 

басылым
Коллаж: Kazinform/ Freepik

Қазіргі ғаламдық трендке сай цифрлы заманда елдегі көптеген мерзімді басылым көштен қалмаудың қамын жасап жатыр. Осы жерде бір сұрақ туындайды. Бірнеше ұрпақ жата-жастана оқыған газеттен неге бас тартуымыз керек? 

— Газеттің кәдеге жарамай қалуы — табиғи құбылыс және мұны тоқтату мүмкін емес. Кеңес одағы құлағаннан кейін газетті қаржыландыру тоқтады. Жыл сайын қағаз бағасы өсті. Қазіргі кезде Қазақстанда газет қағазын шығаратын бірде-бір өндіріс жоқ. Шикізат жоқ деп айтады, яғни қажетті ағаш таппайсыз. Бірақ қазір жаңа технологиялар да бар. Мәселен қамысты алсақ болады. Бірақ бұл — бөлек тақырып. Сонымен бірге баспаханаға қажетті бояу мен құрал-жабдық мәселесі де бар. Электр қуаты қымбаттап жатыр. Баспахана, газет шығару қызметі де арзан емес, — дейді «РАБАТ» газетінің бас редакторы Фарида Шарафутдинова. 

Почему печатные СМИ умирают в Казахстане
Фото спикердің жеке архивінен

Газет қазір мемлекеттік тапсырыс, жазылып алушылар мен жарнама есебінен күн көріп отыр. 

— «Қазпошта» да өз қолтаңбасын қалдырып келеді. Олар тарифті көтеруді ұмытқан емес. Соған қарамастан біз қолды бір сілтемей, табандап тұрмыз. Қарманғанымыз — мемлекеттік тапсырыс. Жарнама да бар. Бірақ жарнама қазір электронды БАҚ-қа кетіп жатыр. Сонымен бірге газетті жаздырып алатын оқырмандарымыз бар. Ал жеткізу, таратуда айтарлықтай мәселе жоқ. Дегенмен қазіргі кезде газет дүңгіршектері азайды, — деп жалғастырды ол өз ойын. 

Көптеген басылым үнемдеуге көшті, соған үйреніп те қалды. 

— Апталық газеттің штаты азайды. Қазір бізде бас редактор, корректор, беттеуші мен екі фрилансер ғана қалды. Оларға алғыс айтамын. Меншік иесі жалақымызды көптен бері өсірмеді. Шамамен 10 жыл болды. Қызметкерлер бірнеше жұмысты қатар алып жүрген соң ғана осы жерде еңбек етуін жалғастырып келеді. Ал өзім зейнеткермін, сол ғана құтқарып тұр. Желтоқсан айында 156 533 теңге жалақы алдым. Ал желтоқсандағы зейнетақым одан көп, — дейді Фарида Шарафутдинова.

рабат
Фото: Otyrar.kz

Газет оқырманының азаюына тағы бір фактор әсер етті. Көбі ақпаратты әлеуметтік желіден алады. 

— Қазір біздің оқырманымыз — жасы үлкен кісілер. Көбі интернет тілін меңгере алмай, «дәстүрден» жаңылмай қағаз бен қаламға сүйенетін адамдар. Олар «гуглды» түсінбейді, әп сәтте іздеу тетігін білмейді. Міне осы адамдар әлі күнге дейін ақпаратты дәстүрлі БАҚ-тан алады. Олардың оған құқықы бар, — деді ол.

Ал «Кызылординские вести» облыстық газеті шамамен 10 жылға жуық уақыттан бері «Қазпошта» қызметін пайдаланбайды. Редакторы Ботагөз Ажарбаеваның айтуынша, газеттің өлместің күнін кешуіне интернет кеңістігінің әсері бар. Бұл - тек біздің еліміздегі мәселе емес. Мұны түсіну үшін сарапшы болудың да қажеті жоқ. Мерзімді басылым таралымының азаюы — өз-өзін ақтамайтын сала екенін көрсетіп отыр. 

— Қызылордада 15 жыл бұрын «Сыр медиа» ЖШС құрылды. Медиахолдинг құрамында екі облыстық, қалалық, жастар және барлық аудандық газет бар. «Қазпошта» жыл сайын тарифін көтереді, ал компания олардан 9 жыл бұрын бас тартты. Облыс орталығында ғана емес, аудандарда да өзіміздің пошташыларымыз бар. Біз жазылуды, жеткізуді өзіміз ұйымдастырамыз. Мекемелер мен ұйымдар арасында байланыс нық. Қандай да бір мәселеге қарамастан бұл жұмыс бір жүйеге қойылған. Сонымен бірге біздің өз баспаханамыз бар. Мұнда тек біздің газет емес, республикалық басылымдар да шығарылады. Оның да өз шығыны жетерлік. Қазір қағаз қымбат. Елімізде қағаз шығаратын өндіріс болмаған соң қағазды Ресейден аламыз. Бұл да қосымша шығынды талап етеді, — дейді Ботагөз Ажарбаева. 

Почему печатные СМИ умирают в Казахстане
Фото спикердің жеке архивінен

Сонымен бірге баспаханаға қажетті бояу, электр қуаты, автоның қосалқы бөлшектері, интернет қызметі мен құрал-жабдықтар, жанар-жағармай бағасы өсіп жатыр, ал оқырмандар саны азайып барады. 

— Осыдан 4-5 жыл бұрын «Кызылординские вести» облыстық газетінің тиражы 10 мың болса, қазір 6 мың ғана. Серіктестіктің барлық қызметкері жазылу маусымында белсенді жұмыс істейді. Соңғы жылдары жарнама да азайды. Газетте кадр тапшы. Жалақысы төмен болған соң жас мамандардың көбі кетіп қалды, — дейді ол. — Дегенмен, мемлекеттік ақпараттық саясатты жүргізіп отырған облыстық газет әлі де медиа нарықта өз орнын сақтап қалады. БАҚ арасында обьективті, сенімді ақпарат таратып отырған жалғыз басылым болып тұр. 

«Южный Казахстан» қоғамдық-саяси газетінің бас редакторы да өз ой-пікірін ортаға салды. Марина Лимаренко да мұның Қазақстан ғана емес, әлемдегі тенденция екеніне қосылады. Оның ойынша, тарихы бай БАҚ-тар арасында бұған дейін де, қазір де маңызды рөл атқарып отырған мерзімді басылымдар бар. Ал онда жұмыс істеп жүрген журналистер өз ісінің білгірі. Олар жазған әр мақаланың қоғамға әсері бар. 

— Біздің елімізде газеттер, әсіресе аймақтық басылымдар қиын кезеңді өткеріп жатыр. Тираж азайды, газет журналистерінің беделі де төмендеді. Жедел ақпарат алып қана қоймай, адамдарға сұрақ қойып, сол жерде тұздығын іріктеп алу да өнер. Жастар газетке қарай аяқ баспайды. Жалақысы аз, талабы күшті. Өз ойын анық әрі түсінікті етіп жеткізу екінің бірінің қолынан келмейді. Білім саласындағы көптеген реформа мен іс-тәжірибеден соң ондай адамды табу қиын, — дейді ол. — Біз шығарып отырған газет тарих, география, орыс тілі пәндері мұғалімдердің көмекші құралы бола алады. Оны мектеп директорлары түсіне бермейді, сондықтан жазылудан бас тартады.

Почему печатные СМИ умирают в Казахстане
Фото спикердің жеке архивінен

Марины Лимаренконың сөзінше, газет беделін мемлекеттік деңгейде көтеру керек. 

— Сол кезде пошта газетті уақтылы жеткізеді, қала мен ауылдарда газет дүңгіршектері жұмыс істейді әрі аймақтық БАҚ-та дотация мәселесі оң шешіледі, — дейді ол. 

Kazinform «Қазпошта» АҚ-ға сұрақ жолдады. Шын мәнінде, қаладағы заңды тұлғаларға газет жеткізу қызметінің қымбаттағаны, оған бірнеше фактор әсер еткені туралы жауап алды. 

— 2017-2024 жылдар аралығында «Егемен Қазақстан» және «Казахстанская правда» газеттерінің басылым бағасы орташа есеппен 67% өсті. Ал «Қазпошта» АҚ-да жеткізу бағасы 17,6 теңге деңгейінде қалып тұр. ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі бекіткен (17,6 теңге) баға 2017 жылдан бері өзгермеді. Ал жеткізудің өзіндік құны 2019 жылы бекітілді. Осы уақыт аралығында саладағы жалақы 143%, жанар-жағармай құны 50%, пошта қызметінің нарықтық құны 34% көтерілді, — дейді компаниядан. 

Сонымен, өткен жылдың соңында заңды тұлғаларға жеткізу тарифі көтерілді. Онда да қала ішінде. Аудан мен ауылға жеткізу тарифі сол күйі сақталды. 

Алматы Казпочта Қазпочта Қазпочта
Фото: Александр Павский/ Kazinform

— Айта кеткен жөн, 2024 жылы ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Қазпоштаға 657 млн теңге субсидия берді. Бұл - мерзімді басылымдарды ауылдарға жеткізу қызметіне бөлінген қаржы. Дегенмен бұл қызметтің шығыны - 11 млрд теңге. «Қазпошта» үшін шалғай ауылға хат, газет және журнал жеткізу әлеуметтік маңызды тапсырма, — деп хабарлады мекеменің өкілі Бұхарбай Болат.

Айта кетейік, 2024 жылы Қазақстанда 360 612 жеке тұлға, 7 687 заңды тұлға жазылушы ретінде тіркелген.

Еліміз бойынша аймақтар мен ірі қалаларда мерзімді басылым 400 дүңгіршек, супермаркет және жеке сауда нүктелері арқылы таратылады. Сонымен бірге 2 645 қалалық және аудандық пошта бөлімі бар. 

— Кейбір аудандық газет және журнал жабылудың аз-ақ алдында тұр. Қазіргі кезде тіркелген, бірақ жарты жылда бір-ақ рет шығатын басылымдар да бар. Мерзімді басылымдарда екі проблема кездеседі. Ол: жазылу және тарату. Мәселен, 2024 жылы 360 мың заңды тұлға, 7,7 мың заңды тұлға ғана газетке жазылған, — деді ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі Қанат Ысқақов. — Газет тиражын көтеру үшін сату орындары керек. Газет оқығысы келген адам оны қайдан сатып алады? Қазақстанда қазір 400 газет дүңгіршегі ғана бар.

Қазіргі кезде редакциялар аман қалудың түрлі амалын ойлап жатыр. Олар екі модельді қатар алып жүрмек. Бірі - мерзімді, екіншісі - цифрлы басылым.

Кейбір газеттер сапалы сараптамалық мақалаларға, зерттеулерге және белгілі бір салаға басымдық береді. Кейбір сарапшылар БАҚ-тың өлместің күйін кешуі — құрдымға кету емес, трансформация деп түсіндіреді.

Олар цифрлы әлемге қалай тез бейімделеді және оған қай модельді таңдайды? Ендігі сұрақ осы… 

Соңғы жаңалықтар